Қоғам

Үлгілі отбасы

Әке отбасының тірегі болса, ана – берекесі. Қызылжар ауданында тұратын Қыдырминдер жанұясы 5 бала өсіріп отыр. Ерлі-зайыптылар ұл-қыздарының тәрбиесіне ерекше мән береді. Тал бесіктен бастап кішкентайларына бауырмашыл, мейірімді және адал дос болуды үйретеді. Және қазақтың салт-дәстүрлерін бойларына сіңіріп отырады.

Руслан Қыдырмин – патрульдік полиция батальонының инспекторы. Ол құқық қорғау саласында 15 жылдан бері еңбек етеді. Осы уақыт ішінде түрлі жағдайды бастан өткеріпті. Соның бірін баяндай кетейік. Жерлесіміз 2019-дың 22-ші желтоқсанында Есіл өзенінде батуға сәл қалған ер адамды құтқарып қалыпты. Азамат мұндай істерді ерлік емес, парызым деп санайды. Полицей күніне 12 сағат тер төгеді екен. Яғни, уақытының басым бөлігін жұмыста өткізеді.

Бүгін – Халықаралық отбасы күні. Бұл мерекені Руслан Қыдырмин жанұясымен атап өткенді жақсы көреді. Сондықтан, түскі демалыста үйіне барып, жан-жарын, бала-шағасын құттықтауға асық. Жолда гүл дүкеніне барып, хош иісті раушаннан алды.

Руслан Қыдырмин – Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы:

– Зайыбыма мереке күндері әрдайым гүл сыйлауға тырысамын. Ол бір қуанып қалады.

Отағасы үйге кіре берген сәтте кішкентайлары мен жан жары құшақ жая қарсы алды.

Биыл ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергендеріне – 15 жыл. Қазір 3 қыз, 2 ұл баланы тәрбиелеп отыр. Үлкендері – 13-те. Ал егіз қыздары небәрі 1,5 жаста. Әңгіме барысында Руслан Қыдырмин бос уақыттарын қалай өткізетіндіктерін баян етті.

Руслан Қыдырмин – Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы:

– Бос уақытымызды бала-шағамызбен бірге өткіземіз. Саябаққа барамыз, қонақ шақырамыз немесе қонаққа барамыз.

Ал Бағдат Қыдырмина – ұлағатты ұстаз, сүйікті жар, аяулы ана. “Отан отбасыдан басталады” демекші, нәзікжанды жолдасы екеуі ұл-қыздарына дұрыс тәрбие беруді ең басты парыз деп санайды. Және жерлесіміз жанұяда үнемі түсіністік болуы қажет дейді.

Бағдат Қыдырмина:

 – Әрине, қиындықтар болып тұрады. Бірақ, бір-бірімізді түсінуге тырысамыз. Отбасында шыдамдылық керек. Және әрдайым түсінуге тырысу керек.

Мерекеде Қыдырминдер жанұясы жан-жақтан телефон арқылы құттықтау қабылдады. Және дастархан басына жайғасып, отбасылық мейрамды атап өтті.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана