Қоғам

Карантин кезінде көрсетілген қаржылай көмек көлемі

Өңірде жыл басынан бері 1800-ден астам азамат атаулы әлеуметтік көмек алған. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 318 млн теңге бөлініпті. Сондай-ақ, карантин кезінде 11 мыңнан аса петропавлдық тұрғын 50 мың теңге көлеміндегі арнайы жәрдемақыға қол жеткізген.

Елімізде төтенше жағдай режимі кезінде халықты қолдау мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылды. Мәселен, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен “Біргеміз” қоғамдық қоры құрылды. Аталған қор аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен көмекке мұқтаж өзге де жандарға 50 мың теңгені құрайтын жәрдемақы үлестірді.

Гүлмира Мәулетбаева – СҚО әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары: 

–  “Біргеміз” қорынан 11 мыңнан аса петропавлдыққа жәрдемақы берілді. Көрсетілген қаржылай көмектің жалпы көлемі 575 млн теңгені құрайды.

Жұмыссыз, атаулы әлеуметтік көмек алатын және жарымжан бала тәрбиелеп отырған отбасылар да назардан тыс қалмады. Оларға азық-түлік алуға 2 рет 5 мың теңгеден беріліпті.

Гүлмира Мәулетбаева – СҚО әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары: 

–  2 АЕК көлеміндегі жәрдемақыны сәуір айында 34 мың солтүстікқазақстандық алды. Бұл мақсатқа 190 млн теңге бөлінді. Қазір азаматтарға мамыр айына тиесілі көмек көрсетіліп жатыр. Әзірге, мемлекеттік қазынадан 70 млн теңгеге жуық қаржы бағытталды.

Сөз соңында атаулы әлеуметтік көмек алатын жандардың мәселесіне тоқталайық. Жыл басында жерлестеріміз өтініш беріп, 3 ай көлемінде жәрдемақы алды. Кейін заңға сәйкес екінші мәрте өтінім тастаулары қажет болатын. Бірақ, карантин жарияланды. Сол себепті, мемлекет азаматтардан құжаттың толтырылуын күтпей-ақ қолдау көрсетуге шешім қабылдады. Яғни, іс автоматты түрде жүргізілді. Осының арқасында отбасыларға тиісті ақша берілуде. Жалпы, биыл мұндай жәрдемді өңірімізде 1800-ден астам адам алған. Берілген атаулы әлеуметтік көмектің жиынтық сомасы – 318 млн теңге.

Бердимурат Баймухан