МТРА жаңалықтарыҚұрылыс

Көне ғимарат қалыпқа келтірілуде

Уақыт табымен тоз-тоз болған ғимараттан – су жаңа нысан. Петропавлда көпестің  “колизей” аталып кеткен үйі қалыпқа келтіріліп жатыр. Бір жарым жылдың ішінде сәулетшілер мен құрылысшылар жоспардың жартысына жуығын жүзеге асырған. Бір ғасырдан астам тарихы бар нысанды жаңғыртуды қолға алған кәсіпкер  аталған мақсатқа жарты млрд-тай қаржы жұмсапты.

Қызған жұмыстарға қарап, 20-шы ғасырдың стилімен жаңа ғимарат салынып жатыр ма деп қаласың. Бірақ, бұл – 1915-ші жылы бой көтерген жергілікті Шамсутдинов деген көпестің үйі. Нысанның бір жыл бұрынғы жағдайын ескерсек, тану қиын, әрине. Кірпіштері құлап, қабырғалары үгіліп, ішіндегі едені опырылып жатқан еді. Ал ендігі көрініс мүлдем басқа.

Челябіден алынған арнайы реставрациялық кірпіштер, әктас пен құмның қосындысы. Ескерткіштің қасбетін қалыпқа келтіруге дәл осы материалдар қолданылған. Кірпіштің жайы түсінікті. Ол тура 20-шы ғасырдағыдай, кішігірім. Ал неге цемент емес, әктас пен құм дерсіз. Ғимаратты тұрғызуда дәл осы қоспа қолданылыпты. Мамандар сәулет ескерткішін қалыпқа келтіруде мұны да ескерген көрінеді. Әрі беріктігі цементтен кем емес.

Борис Борисов – «Доломит» ЖШС шебері:

– Әктас пен құмның қоспасын тек қасбетін реставрациялау кезінде қолдандық. Ол ұзақ кебеді. Ішкі жұмыстарға цементті пайдаланғанымыз да сондықтан. Сәулет ескерткішін қайта қалыпқа келтіру оңай шаруа емес. Әсіресе, кірпіштерді ауыстырғанда ұқыпты болу керек. Бұзылғанын шығарып жатқанда қасындағыларын зақымдап алмау маңызды. Реставрациялық материалдың тек 5 мың данасын қолдандық. Ғимарат кірпіштерінің басым бөлігі жарамды. Оларды тазалап, нысан қабырғасын қайта қалауға жұмсадық.

Көпес үйінің қасбетіндегі шаруа аяқталуда. Іске компанияның 14 реставраторы жұмылдырылыпты. Мамандар енді нысанның үшінші қабатына кіріскен. Оны құрылысшылар сәулет стилін сақтай отыра, биіктетіп көтеруде. Ал ғимараттың іші толығымен заманауи материалдардан жасалмақ. Әзірге, мұнда қабырғалары бекітіліп, едені бетоннан құйылған. Ескерткіштің дәл бүйіріне қосылып тұрған нысанның қамы әлдеқайда жеңіл. Ол бертіндері тұрғызылыпты. Сондықтан, қайта қалыпқа келтіру де, стиліне ерекшелік енгізу де қиын емес. Алматылық жобалаушылар мен сәулетшілер бұл мүмкіндікті қалт жіберген жоқ. Ғимарат әрі көне, әрі заманауи болмақ.

Андрей Исаков – сауда желісінің директоры:

– Нысанды реставрациялау жаңадан салудан көрі едәуір қымбат. Бүгінге дейін жарты млрд-қа жуық қаражат жұмсадым. Уақытты да көп алады. Сондықтан, нысанның бірінші қабатын тек 2021-ші жылдың ортасында қолданысқа тапсырамыз. Мұнда «Семейный» супермаркеті ашылады. Жоспар бойынша сәулет ескерткішін сауда орталығына айналдырамыз. Ал қасындағы ғимаратта біздің компанияның әкімшілігі орналасады.

Жұмыстың атқарылуын әкімдік өкілдері қадағалауда. Көне ғимарат облыстағы өзге де 164 қала мен сәулет ескерткіштері сынды мемлекеттің қорғауына жатады.

Рақат Мәмбеталинов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша орталығының директоры:

–  Соңғы жылдары сәулет ескерткіштерін қалыпқа келтіру жұмыстары белсенді атқарылуда. Мәселен, Мұратовтың диірмені қолданысқа тапсырылды. Бүгінде мемлекеттік қорғауға алынған нысандардың 3-уін реставрациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі аптада дәл осындай шаруа тағы бір ғимаратта бастау алады. Қалалық мәдениет үйі мен Абылай хан резиденциясындағы реставрацияға қаражат жергілікті бюджет есебінен бағытталған. Ал қалғандарына кәсіпкерлер қаржыны өздері бөледі.

Бизнесмендердің құлағына алтын сырға! Иесіз немесе қолданыссыз жатқан әлі бірнеше сәулет ескерткіші бар шаһарда. Ғимараттарға екінші өмір сыйлау мүмкіншілік жасалып отыр. Нысандардың ішінде зауыт аша алмайсың, әрине, бірақ кеңсе, білім беру орталықтары мен сауда павильондарына айналдыруға мүмкіндік бар.

Маржан Қасымбек