ТЖ

Өңірде шомылу маусымы уақытынан ерте басталды

Балық аулаймын деп кетіп, үйіне қайтып оралмаған. Тимирязев ауданында 49 жастағы ер адам суға батып кетті. Құтқарушылар қайғылы оқиғаға көп жағдайда немқұрайлылық себеп дейді. Суда сақтық шараларын сақтау қажеттігін еске салудан мамандар жалыққан емес. Биыл өңірде шомылу маусымы әдеттегі мерзімінен ерте басталды. Соңғы күндері күн әжептәуір ысыды, жұрттың көбі жағажайда тынықты.

Биыл көктем секілді, жаз да мерзімінен бұрын келді. Қазір ауа температурасы жоғары. Әсіресе, артта қалған 3-4 күнде далада шіліңгір шілденің ыстығы тұрды. Мұны пайдаланып 1 ай бойы өздерін оқшаулаған адамдар өзен-көлдерге түсіп, бойларын сергітуде. Жағажайларда үнемі сақтық шараларын қаперде ұстау қажет. Жалғыз шомылу емес, коронавирусқа қарсы бекітілген ережелерді де білген жөн.

Наиля Гиматдинова – қала тұрғыны:

– Жағажайға келіп жүргенімізге 1 аптаға жуық уақыт болды. Түстен кейін 1 сағат Пестрое көлінің маңына келіп демаламын. Адамдардан арақашықтықты сақтауға тырысамыз. Өзіммен бірге маска және антисептик құралы да бар.

Тиісті дүние біреуде бар, ал біреуде болмауы мүмкін. Сондықтан, арнайы ұйымдастырылған рейд барысында ТЖД-нің өкілдері демалушыларға
қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жаднама қағаздар таратты.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қала маңындағы 3 жағажайға ескерту стендтерін орнаттық. Келіп-кетушілерге түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп жатыр. Құтқарушылармен қатар, полиция департаментінің мамандары, медицина қызметкерлері кезекшілік атқаруда.

Су – тілсіз жау. Адам сақтық танытпаса суға батып кетуі мүмкін. Мұндай қайғылы оқиға мамырдың 6-сы күні Тимирязев ауданында тіркелді. 71-ші жылғы азамат балық аулаймын деп кетіп, үйіне қайта оралмаған. Құтқарушылар іздестіру барысында оның өлі денесін Есіл өзенінен тапты.
Шомылу маусымының ерте басталғанына қарамастан құтқарушылар да әзірленіп үлгерген. Қала аумағында 56 адамнан құралған жедел жасақ маманы мен 20-дан астам бірлік техника сақадай-сай тұр.
Жалпы, облыс бойынша шомылуға рұқсат етілген 58 орын бар. Оның 3-еуі – Петропавлда.

Маржан Касымбек