МТРА жаңалықтары

ХҚКО-лар енді жаңа форматта жұмыс істейді

Үйден шықпай кезекке тұру, мемлекеттік қызметтерді онлайн-портал мен әлеуметтік желі арқылы алу. Қайта ашылған ХҚКО-лары енді жаңа форматта жұмыс істейді. Аталған өзгерістер қаладағы орталық пен автокөліктерді тіркейтін арнайы орталыққа ғана қатысты. Ал аудандарда – бәрі бұрынғыша.

Бұрынғыдай болмайды, формат өзгерді! Енді қазақстандықтар қалаған уақытта ХҚКО келе алмайды. Жаңа ереже – қажетті құжатты аламын десең, кезекті ертерек броньдап қой! Бұл үшін egov порталындағы арнайы сервистің көмегіне жүгінуге болады не 1414 нөміріне хабарласу керек. Сағаттап кезек күтіп отырғанға қарағанда бұл әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз дейді мамандар.

Еркін Жұмабай – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– ХҚКО-ларда азаматтар тек қағаз жүзінде көрсетілетін қызметтерді ғана ала алады. Сондай-ақ бұған дейін egov.kz порталында рәсімделіп, дайын болған құжаттарды алып кетуге болады. Орталық мамандары электрондық форматқа көшірілмеген 97 мемлекеттік қызмет бойынша ғана қабылдайды.

Ал егер қызмет электрондық форматта қолжетімді болса ше? Онда орталыққа сабылудың қажеті де, мәні де жоқ. Оны тек үйде отырып, электрондық үкімет порталы арқылы ғана ала аласыз. Одан қалды, сервистердің көбі ЕgovМоbile мобильдік қосымшасында, телеграм-бот және бірқатар әлеуметтік желілерде де қолжетімді. Мамандар айтады: анықтамалар мен басқа да құжаттарды үйден шықпай-ақ, заман игіліктерінің көмегімен алуды құп көретін солтүстікқазақстандықтардың қатары жыл санап артып жатыр.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 2016 жылы электрондық қызметтердің үлесі 20 пайызға да жетпейтін. 2019 жылы бұл көрсеткіш – 83, ал 2020-ның алғашқы 3 айында 85 процентті құрады. Бүгінге дейін 35 мыңға тарта жерлесіміз мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алуға үйретілген.

Ал компьютердің тілін тіптен білмейтіндердің жайы сонда не болмақ? Бірінші кезекте бұл – қарияларымыз. Оларға және көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандарға уайымдаудың қажеті жоқ. Бұл санаттағылар мемлекеттік қызметтерді баяғы форматта, яғни орталыққа келіп ала алады. Олар үшін арнайы терезелер жұмыс істемек, бірақ кезекті ертерек броньдап қою керек.

Еркін Жұмабай – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Кезекке тапсырыс берген азаматтардан міндетті түрде белгіленген уақытта келуді өтінеміз. Егер кешіксе, кезек бұзылып, оны қайта броньдау керек болады.

Қандай да бір қиындықтар туындап жатса, мамандар көмекке әзірміз дейді. 1414 нөміріне хабарласып, кеңес алуға болады. Ал болашақта, бұқараға ыңғайлы болу үшін, барық мемлекеттік, медициналық және білім беру мекемелері, банктер мен сауда орындарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарын ашу жоспарланып отыр.

 

 

Саят Ермек