МТРА жаңалықтары

Апаттық ағаштарды кесу жалғасады

Петропавлда апаттық теректерді кесу жұмыстары жоспарға сай жүргізіле бермек. Қазір дендрологтар мұндай ағаштарды тауып, зерттеп жатыр. Мамандардың сөзінше, іріп-шіріген ескі жасыл желек, ең алдымен, тұрғындар үшін қауіпті.

Мәселен, бүгін түнде Брусиловский көшесіндегі алып теректердің бірі дәл жолға құлады. Абырой болғанда, жақын маңда тірі жан болмаған. Сырты бүтін, ал іші түтін деп осыны айт. Көзге сап-сау көрінген ағаштың тамыры шіріген болып шықты. Сондықтан, ол соққан желдің екпініне шыдас бермеген. Жауапты қызмет жол қозғалысына бөгет болған теректі кесіп, алып тастады.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Петропавлда апаттық ағаштар әлі де баршылық. Мәселен, аулада ескі ағаштар болса, тұрғындар ТҮКШ бөліміне хабарласа алады. Біздің мамандар ол ағаштарды кезек бойынша міндетті түрде алып тастайды. Бүгінде қала бойынша көктемгі көгалдандыру жұмыстары аяқталды. 17 көшеге 4 мыңға тарта ағаш отырғызылды.

 

 

 

Саят Ермек