МТРА жаңалықтары

Қ.Ақсақалов: “Экономикамыздың дамуы жаман емес”

Қиын кезеңнен Солтүстік Қазақстан ойдағыдай өтті. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Бұл жайлы облыстық әкімдік отырысында белгілі болды. Дегенмен, төтенше жағдай бірқатар салалардың ілгерілеуін тежеген. Құмар Ақсақалов көрсеткіштерді арттыру керек деді. Сондай-ақ, аймақ басшысы сүт фермаларының құрылысын бастап, ауыл шаруашылығы жұмысшыларының жалақысын арттыруды жүктеді.

Төтенше жағдай режимі жалғасқан екі айда елдегі жалпы ішкі өнім 0,2 пайызға төмендеген. Сондықтан, Солтүстік Қазақстан облысының бас экономисі Әрсен Қазбековтың баяндамасына оптимизиммен қарамаған едік, бірақ сандар тіпті басқа болып шықты.

Әрсен Қазбеков – СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 18, өнеркәсіп өндірісі – 7,2, құрылыс жұмыстарының көлемі 3,2, ауыл шаруашылығы – 2,2, ал тұрғын үй енгізу көлемі 0,5 процентке ұлғайды.

Шылғи өсім, тек 8 пайыздық төмендеу – бөлшек саудада. Мұның себебі түсінікті де. Жарияланған карантин сауда орындарының біразын жауып тастады. Ірілері әлі де ашылмады. Экспорттың жағдайы да мәз емес, өйткені шекара жабық. Мамлюткадағы диірмен, мәселен, ұнды шетелге шығара алмай отыр. Ал өнеркәсіп, инвестиция тарту мен үй беру бойынша республикалық көрсеткіштерден алда келеміз. Қысқасы, қауырт кезеңнен облыс ойдағыдай өтті деп айтуға болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Экономикамыздың дамуы жаман емес. Облысымызды біртіндеп дамытып жатырмыз. Карантин енгізілген күннен бастап негізгі кәсіпорындар мен құрылыс компаниялары жұмысын тоқтатқан жоқ. Оны талай рет айттық. 135 мыңнан астам адам жұмысқа шығып отырды. 4 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму нәтижесі – осының айғағы.

Дегенмен, біраз жұмыс уақытша тоқтап қалды. Қазір шектеулер ақырындап алынып, қол ұзарып жатыр, сондықтан іске білек сыбана кірісіп кету керек дейді аймақ басшысы. Ең алдымен, сүт-тауарлы фермалардың құрылысын жолға қою шарт. Биыл 10 шақтысын тұрғызу жоспарда, ал былтыр 4-еуі ашылған еді. Нәтижесінде ақ өндірісі бірден 5 пайызға артқан.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сүт өндірісі Мамлют ауданында – 12, ал Аққайыңда 37 пайызға өскен. Мұның бәрі ашылған фермалардың арқасында. Жауапты орынбасарыма істі бақылауда ұстауды жүктеймін. Жыл аяғына дейін жоспарлы 10 кешеннің бәрін қолданысқа беруіміз керек.

Ауыл шаруашылығында – прогресс. Бірақ, бұл ілгерілеушілікті аграрийлердің ғана емес, қарапайым жұмысшылардың да қалтасы сезінуі керек. Облыс әкімі сала еңбеккерлерінің жалақысын кем дегенде 20 пайызға арттыруды жүктеді. Ал өндірістік кәсіпорындарға қатысты сұрақтар бар. Ірі зауыттарымыз әлі де мемлекеттік тапсырыстарға ғана тәуелді. Бұл тәуелділіктен арылу керек. Әзірге, тек Киров атындағы зауыт қана мұны жолға қойған. 5 мың компьютерге тапсырыс алыпты. Ал жуырда өзімізде жасалған жүйелік блоктар мен ноутбуктер қарапайым халыққа да қолжетімді болуы мүмкін.

Амангелді Арғымбаев – “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ бас директоры:

– “Майкрософт” компаниясымен келісім-шартқа отырмақ ойымыз бар. Құжатқа олар қол қойса, біз компанияның Қазақстандағы дистрибьюторы боламыз. Сонда қазақстандықтар бізде жасалған техниканы арзан бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болмақ.

Бұл – келешектің еншісінде. Ал қазір коронавирус бойынша облыстағы жағдай тұрақталып келеді. Індет шегіне бастады, соңғы тіркелген науқастардың бәрі – сырттан келгендер, ал ішкі жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ. Сондықтан, облыс ішінде ермін-еркін қатынауға рұқсат етілді. Алдағы дүйсенбі жерлестерді тағы бір жұмсарту күтіп тұр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мамырдың 18-інен дәмханалар мен мейрамханалардың барлығы ашылады. Бұл жайлы Премьер-Министрдің орынбасары мәлімдеді. Сондай-ақ, біз демалыс орындары мен туристік базаларды да ашамыз. Нысандардың бәрі бұған дайын болуылары тиіс.

Ашылауын ашылады, бірақ шектеусіз болмайды. Нысандардың жұмыс тәртібі, әзірге белгісіз, тиісті қаулы қабылданбады. Дегенмен, демалыс орындарының келушілерге лық толы болмайтыны, ал мейрамханаларда тойлардың өтпейтіні де мәлім. Босаңсуға әлі ерте.

Саят Ермек