Қоғам

Жыл басынан өлкеге 156 отбасы қоныс аударған

Жаңа өңірдегі жаңа өмір! Былтыр Солтүстік Қазақстан облысы халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан 730-дан астам жанұяны қабылдапты. Биыл да аққайыңдар өлкесіне шамамен осынша отбасы қоныс аударады деп жоспарланып отыр. Олар індет ауыздықталып, ахуал тұрақталған соң келеді. Қоныстанушыларға тиісті жағдай жасалады.

Нұрлан Ибраимов – қоныс аударушы, Аққайың ауданы:

– Ол жақтағы мектептерде жүктеме көп, бір оқу ошағында 1800 баладан оқиды. Бір жағынан келіншегімде жұмыс болды, ал менде болмады. Сондай ньюанстар болды.

Сонау Жамбыл облысынан Солтүстік Қазақстанға Нұрлан ағаның отбасын алып келген себеп – осы. Ендігі құтты мекен – Астараханка ауылы. Мұнда үй де, жұмыс та бар, мүмкіндіктер де молынан. Аққайыңдар өлкесі 4 балаға да ұнапты. Желтоқсанда қоныс аударған жанұя мүшелері өңірдің сарышұнақ аязынан сескенгенін де жасырмады.

Нұрлан Ибраимов – қоныс аударушы, Аққайың ауданы:

– Биылғы қыстан, әйтеуір, аман-есен өттік. -40 градусқа дайындалып келіп едік, болмай қалды. Келесі жылы болатын шығар. Бұл жердегі басты проблема – қыс қой.

Баспана су жаңа. Жанұя оны мемлекеттен жалдап тұрып жатыр. Отағасы – жазғы лагерьде “завхоз”, отанасы – тәрбиеші. Екеуінің жалақысын қосқанда айына 150 мың табыс түседі. 2 ұл мен 2 қыз мектеп-балабақшаға орналастырылған. Көтермеақының да бәрін алдық дейді. Тек туған ауылдан киім-кешек, ыдыс-аяқ, төсек-орыннан өзге дүниесін көшіріп үлгермепті. Кедергі болған – коронавирус. Бірақ, жергілікті жұрт қоныс аударушыларды жылы қарсы алған.

Нұрлан Ибраимов – қоныс аударушы, Аққайың ауданы:

– Көмек болып жатыр. Округ әкімі, ардагерлер кеңесі көмектесіп жатыр. Кереуеттерді әкеліп берді. Қыс кезінде толық көшіп келе алмадық, кейін коронавирус басталды. Бірақ, бәрі шамасы келгенше қол ұшын созуда.

Қарлығаш Айылшиева – қоныс аударушы, Аққайың ауданы:

– Халық – өзіміздегідей, барлығы жақсы қарым-қатынаста, жақсы қарсы алды. Қазақша сәлемдеседі екен. Бізде Солтүстікті орыстанған дейді. Ең бірінші келгенде “Здравствуйте!” деген едім, бәрі қазақша сәлемдесті.

Қыста жаңа үйдегі жылыту жүйесі сыр берген, су да ішке әлі тартылмапты. Тек бұл қиындықтар өткінші дейді отбасы. Жаңа өңірдегі жаңа өмірге олар енді-енді бейімделіп жатыр. Аулаға Нұрлан аға биыл тек картоп егумен шектелмек, ал болашақта мал алып, шаруашылық жүргізбек ойы бар. Елдің о шетінен бұ шетіне қоныс аудару оңай емес. Бірақ, түстікте жұмыс қолы шамадан тыс көп, ал бізде – тапшы.

Ержігіт Данебаев – Аққайың аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Өңірімізге қажетті мамандық иелерін шақыруға тырысамыз. Қазіргі таңда дәрігерлер, мұғалімдер, механизаторлар, жүк көлігінің жүргізушілері, агрономдар сұранысқа ие. Осы мамандарды өзімізге тартып жатқан жайымыз бар.

Мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты да осы. Мүмкіндікті пайдаланып, көшіп келмекке бел байлағандар жыл санап артуда.

Ержігіт Данебаев – Аққайың аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Бір ғана Аққайың ауданына 2019 жылы 52 семья келді. Бұл – 190 адам. 32 отбасы жаңадан салынған үйлерге қоныстандырылды. Көшіп келгендердің жол төлемақысын береміз, пәтер не үй жалдау ақысын төлейміз, ал жаңа үйге кіргендер 5 жыл бойы жалдау ақысын төлеп отыратын болады.

Жыл басынан бері өлкеге 156 отбасы қоныс аударған. Олар үшін биыл облыс бойынша 700-ге тарта үй тұрғызылмақ. Баспананы аграрийлер салады, құнын кейін мемлекет қайтарады. 2020-ның аяғына дейін 800-ге жуық жанұяны қабылдау жоспарланып отыр. Қазір-ақ көшіп келемін деп отырғандар аз емес. Тек карантин – қолбайлау.

Саят Ермек