МТРА жаңалықтары

Дәріханалар мен супермакеттер қалыпты режимге оралды

Дәріханалар мен супермакеттер қалыпты режимге оралды. Енді олардың жұмыс уақыттарына байланысты шектеу жоқ. Жергілікті қоғамдық көлік қызметі де қайта жанданды. Карантин тәртібінің жеңілдетілуі турасында қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин онлайн брифинг барысында баяндады.

Өткен аптада өңірімізде карантин режимі жеңілдетілді. Қазір аулада, саябақтарда емін-еркін серуендеуге болады. Тек арақашықтықты сақтау керек. Және тұрғындар маска тағуға міндетті.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Мамырдың 12-сінен бастап қаладағы қоғамдық көліктердің жұмысы қайта жанданды. Қазір олар бұрынғы режимде қызмет көрсетуде. Дегенмен, салон ішінде жолаушылардың саны аз болуы қажет. Адамдар бір-бірінен белгілі бір қашықтықты сақтап және барлығы отырулары тиіс. Ал тасымалдаушы компания өкілдері автобустарда дезинфекциялау жұмысын жүргізуге міндетті.

Қалада қатынап жүрген қоғамдық көліктердің дені шағын. Оның ішіндегі орын саусақпен санарлық. Сол себепті, бұл мәселеге қатысты бірқатар сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ, қанша дегенмен, белгілі бір талап бар, ал оны орындау қажет.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, екі орынға арналға орындыққа бір жолаушы ғана отыруы тиіс. Бұның барлығы халықтың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр дейді. Сондай-ақ, карантиннің жұмсартылуына байланысты саяжайларға да емін-еркін баруға болады. Осы орайда айта кетейік, бұған дейін петропавлдықтардың жазғы үйлеріне жетуі үшін тегін автобустар бөлінген болатын. Енді бұл қоғамдық көліктер тұрғындарды тасымалдамайды. Және қазір саяжайшылардың қатынауы үшін арнайы құрылған база да жұмыс істемейді. Блокпосттардың жұмысында да өзгерістер бар.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Блокпостарда енді адамдардың дене қызуы ғана тексеріледі. Тұрғындар облыс аумағында еш қиындықсыз жүре алады. Ал егер өңір шекарасынан шықса, онда тексеріс басқаша жүргізіледі.

Бүгінде кітапханалар мен балабақшалардың да жұмысы қайта жанданды. Тек мектеп оқушылары мен студенттер биылғы оқу жылының соңына дейін қашықтықтан білім алады. Супермаркеттер мен дәріханалардың барлығы бұрынғы қалыпты режимге оралды. Ал спорттық, бұқаралық және отбасылық шараларды өткізуге қатысты тыйым әлі сақталып отыр.

Дана Ешкенова