ТЖ

Қызылжар ауданында өрт оқиғасынан бір адам көз жұмды

Қызылжар ауданында тілсіз жаудан бір адам көз жұмды. Оқиға бүгін, яғни мамырдың 13-і күні Кустовое селосында орын алды.

Аталған елді мекендегі жер үйдің отқа оранғаны туралы хабар өрт сөндірушілерге таңғы 7-лер шамасында түсіпті. Құтқарушылар төтенше жағдай тіркелген ауылға жедел жетеді. Бірақ, 45 жастағы баспана иесінің өмірін сақтап қалуға үлгермеді. Мамандар қызыл жалынды 30 минутта толықтай сөндіріпті. Алдын ала болжам бойынша қайғылы жайт нысан ішінде темекі шегудің салдарынан туындаған. Қазір шығын көлемі анықталып жатыр. Жалпы, өңірде жыл басынан бері 200-ден аса өрт болған.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Облыс аумағында биыл 220 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 55-і облыс орталығында болды. Тілсіз жаудан 18 адам көз жұмды, 7-уі түрлі дене жарақатын алды. Қызыл жалыннан келген шығын көлемі 28 млн теңгені құрайды.

Дана Ешкенова