МТРА жаңалықтары

Санитарлар сұлулық салондарын тексеруде

Жақында өңіріміздегі сауда және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыстарын қайта бастады. Бұл нысандарда қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс. Талап қаншалықты орындалып жатыр? Жергілікті санитарлар осыны тексеріп жүр. Бүгін мамандар сұлулық салондарында болды.

Анита Нетесова жазғы киімдердің жаңа үлгілерін сөрелерге қоюда. Азаматша бұл тауарлар тез саудаланып жатыр дейді. Оның себебі түсінікті: қазір мамыр болса да өлкемізде шіліңгір шілденің ыстығы тұр. Оның үстіне тұрақты клиенттер бар. Олар карантин кезінде жиі хабарласып, бутиктің ашылғанын асыға күткен екен.

Анита Нетесова – кәсіпкер:

– Жұмысқа 12-ші мамырда шықтым. Оған дейін жазғы киімдердің жаңа үлгілеріне тапсырыс бергенмін. Тауардың 1-ші легі келді. Жақында қалғаны жеткізіледі. Қазір ер адамдар арасында шолақ жеңді көйлектер аса сұранысқа ие. Өйткені, күн ыстық. Бағаны өсірмеуге тырысамыз.

Ал, қаладағы сұлулық салондары мамырдың 4-і күні ашылды. Содан бері мұнда келушілер өте көп. Оларға мамандар түрлі қызмет көрсетіп жатыр. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған. Клиенттер тек алдын ала жазылу бойынша ғана қабылданады.

Екатерина Виль – шаштараз:

– Күнделікті ісіміз жұмыс орнымызды ылғалды тазалаудан басталады. Клиент келгенде оның дене қызуын тексереміз. Бетпердесі болмаса, тегін маска ұсынамыз. Бұрын бір күнде 7-8 адамның, ал қазір 3 кісінің шашын қиямын. Клиентті қабылдағаннан кейін оның орнын залалсыздандыру құралымен сүртеміз.

Бүгін дәл осы сұлулық салондарындағы жағдайды тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің өкілдері тексеріп жүр. Мамандар мониторинг барысында қызметкерлерге тиісті нұсқаулықтар таратып, карантин ережелерін қатаң сақтауды тағы бір ескертті. Бұл жайында бірер күн бұрын өңірдің бас санитары Серікбай Қасмақасов та онлайн брифинг барысында айтқан болатын.

Серікбай Қасмақасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы:

– Төтенше жағдай режимінің аяқталуына байланысты өңірімізде сауда орталықтары, сұлулық салондары, балаларды оңалту кабинеттері, спорт және мәдениет нысандары мен қоғамдық көліктердің жұмысы қайта жанданды. Дегенмен, босаңсуға болмайды. Тазалық шаралары міндетті түрде сақталуы керек. Өйткені, вирус жұқтыру қауіпі әлі де бар.

Жалпы, қазір қалада 34 сұлулық салоны жұмыс істейді. Бүгін санитарлар олардың 6-ауында болды. Алдағы уақытта қалған әсемдік орталықтары тексерілмек.

Бердимурат Баймухан