Білім

Петропавлда 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі

Үстіміздегі жылы облыс орталығында 6 мектеп күрделі жөндеу көреді. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті қазынадан 300 млн теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Кей оқу ошақтарында тиісті жұмыстар басталып кеткен екен. Мәселен, бүгінде №23 орта мектебінің ескірген ағаш терезелері су жаңа пластикке ауыстырылуда.

Қаламыздағы №23 орта мектеп 1980-ші жылы қолданысқа беріліпті. Сол кезде нысанға ағаш терезелер қойылған екен. Олар бертін келе ескіріпті. Сондықтан қыс мезгілінде ғимаратқа суық кірген көрінеді. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. 2017-де үстінгі қабаттағы барлық терезелер пластикке ауыстырылыпты. Биыл дәл осы іс жалғасуда. Жергілікті «Стройдизайн» серіктестігі мамырдың 5-інен бері 1-ші және 2-ші қабаттардың терезесін жаңалауда. Құрылыс материалы Петропавлда жасалған.

Есен Садықов – «Стройдизайн» ЖШС директоры:

– Жоспар бойынша 94 пластикалық терезе салынады. Бүгінге дейін оның 15-і дайын. Қалғанын маусымның 20-на дейін орнатамыз.

Шаруа қызу жүріп жатыр. Мердігердің сөзінше, құрылыс материалдары жеткілікті. Маман тапшылығы да сезілмейді. Сондықтан, іс уақытында аяқталмақ. Кейін, өзге серіктестік өкілдері жұмысқа кіріседі. Олар мектептің жылу құбырларын толығымен ауыстырмақ. Мұндай бастамаға ұстаздар мен ата-аналар қауымы дән риза.

Татьяна Мухамедзянова – ата-аналар қауымдастығының өкілі:

– Балам білім алатын мектепке күрделі жөндеу жасалып жатыр. Оған өте қуаныштымын. Себебі, аязды күндері нысан іші салқындап кететін. Біз бұл мәселені қалалық әкімдікке жеткіздік. Өтінішіміз мақұлданып, міне, биыл терезелер мен жылу құбырлары ауыстырылуда. Осындай шаруадан кейін, оқу ошағының іші жылы боларына сенімдімін.

Айта кетейік, 2015 жылы білім ұясының шатыры ауыстырылыпты. Жалпы, биыл облыс орталығындағы 6 мектеп күрделі жөндеу көрмек. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті қазынадан 300 млн теңгеге жуық қаражат бөлініпті.

Айнұр Сүйіндікова – Петропавл қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Қалада 37 мектеп бар. Биыл олардың 6-ына күрделі жөндеу жасалады. Нақтырақ айтар болсақ, білім ошақтарының қасбеттері қалыпқа келтіріледі, терезелері мен жылыту жүйелері ауыстырылады. Ал қалған оқу ұялары қажеттілікке қарай жөндеу көреді.

Бүгінде жоспардағы жөндеу жұмыстары білім ошақтарының басым бөлігінде жүргізіліп жатыр. Барлық іс алдағы оқу жылына дейін аяқталуы тиіс.

Актолкын Солтанханкызы