МТРА жаңалықтары

Өңірде жас мемлекеттік қызметшілердің саны артуда

Идеяшыл әрі креативті. Өңірде жас мемлекеттік қызметшілердің қатары артып келеді. Облыста аталған салада бүгінде 800-ге жуық жас маман еңбек етіп жүр. Олардың дені  жыл басында арнайы конкурсқа қатысып, мансап баспалдағында бір саты алға ұмтылу үшін сынақ тапсырған.

Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Азат Мұхамедияровтың жұмысы көпшіліктікі сияқты таңғы 9-да басталады. Азамат қызметке келе салысымен бірден күннің жоспарымен танысады екен. Өйткені, белгіленген уақытқа дейін өзіне жүктелген құжаттарды жазып, тексеріп, тиісті мекен-жайға жолдауы қажет.

Азат Мұхамедияров – облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары:

– Мен негізінен құжаттармен жұмыс істеймін. Кейде маған берілген ақпаратқа талдау жасауда қиындықтар туындайды. Сонда білікті әріптестерімнен көмек сұраймын. Барынша мұқияттылық танытып, қателік жібермеуге тырысамын.

Бір қызығы Азат Мұхамедияров бала кезінде мемлекеттік қызметші емес, өңір тарихын зерттейтін маман болғысы келіпті. Сол себепті, университетке түсіп, тарих мамандығы бойынша білім алған екен. Оқу ордасында белсенді студент жастар ұйымына мүшелік етіпті. Ал оқуын тәмамдаған соң “Жастар тәжірибесі” бағдарламасына қатысып, қалалық жұмыспен қамту орталығы заңгерінің көмекшісі қызметін атқарған.

Азат Мұхамедияров – облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары:

– Ал әкімдіктегі еңбек жолымды 2014 жылы бастадым. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болғанға дейін бірқатар кезеңнен өттім. Ең алдымен нұсқаушы болып істедім. Кейін жетекші маман, бас маман, бас нұсқаушы, сыртқы байланыстар секторының меңгерушісі қызметтерін атқардым. Қазіргі лауазымға үстіміздегі жылдың сәуір айында тағайындалдым.

Жыл өткен сайын өңірімізде жас мемлекеттік қызметшілердің саны артып келеді. Мәселен, бүгінде облысымыздағы мемлекеттік мекемелерде 4300-ге жуық адам жұмыс істейді. Соның 800-і – 29 жасқа дейінгі жандар. Қаңтар-наурыз айлары аралығында осы мамандардың жартысы арнайы конкурсқа қатысып, лауазымдарын өсіру үшін сынақтан өтіпті.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 43 Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 400 қызметтік орынға конкурс ұйымдастырылды. Қатысушылар 3 кезеңнен өтті. Сынақ барысында мамандардың біліктіліктері, белсенділіктері бағаланды. Нәтижесінде 74 пайызының лауазымы жоғарылады.

Лауазымы өскен жас мамандардың 8-і – “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде білім алып келгендер. Ал 14-і – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері.

Маржан Касымбек