Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде егіс науқаны қызу жүріп жатыр

Өңірде егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Қазір солтүстікқазақстандық жер емген диқандар алқаптарға бұршақ пен зығыр тұқымын себуде. Жақын арада өзге де дақылдардың тұқымы егілетін болады. Бұл туралы “Қызылжар – адалдық алаңы” кеңсесінде онлайн форматта өткен брифинг барысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов мәлімдеді.

Биыл өңірімізде көктемгі дала жұмыстары 4,2 млн гектар жерде жүргізіледі. Басым бөлігінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өсірілмек. Ал 1 млн гектарға жуық алқапқа тиімділігі аса жоғары саналатын майлы өнімдердің дәні сіңіріледі. Қиындықтарға қарамастан маңызды науқанға аграрийлер ойдағыдай дайындалды дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов. Оның сөзінше, тұқымдар сараптамадан өтіпті. Нәтиже жаман емес. Техникалық парк те біршама жаңартылған.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Биыл машина-техника паркін жаңартуға 40 млрд теңге қарастырылған. Қаржыға 2 мыңнан аса трактор, комбайн мен тұқым сепкіш алу жоспарланып отыр. Негізі, бүгінге дейін 700-дей техника сатып алдық. Оған 13 млрд теңге жұмсалды.

Онымен қоса, биыл жергілікті диқандарға мемлекеттен 69 мың тонна дизельдік отын бөлініпті. Бастапқы кезеңде жанар-жағармайдың 1 литрі 186 теңгеден саудаланған. Кейін ел Президентінің тапсырмасы бойынша оның бағасы төмендетілді. Бүгінде қажетті дүние 165-тен өткізіліп жатыр.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Өңірімізде шаруаларды қолдау мақсатында жеңілдетілген несие де беріліп жатыр. Бұл іс “ҚазАгро” және “Аграрлық несие корпорациясының” филиалдары арқылы жүргізіледі. Тағы, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” 6 млн теңгеге дейін займ рәсімдейді. Жалпы, бүгінге дейін жерлестерімізден 26 млрд теңге көлеміндегі қарызға 652 өтініш келіп түсті.

Биыл солтүстікқазақстандық шаруаларға 48 млрд теңге субсидия беру жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 млрд-қа көп.

Актолкын Солтанханкызы