Қоғам

Қаланы көркейту жұмыстары

Пайдаланылмай жатқан жерлер тегістеліп, тегін автотұрақ салынады. Биыл мұндай жоба Петропавлда 10 аулада жүзеге асады. Сондай-ақ, Береке ықшам ауданында көптен күткен саябақ пайда болады. Ал Уәлиханов көшесінде 60-қа жуық жер үй сүріліп, орнында жаңа көпқабатты нысандар бой көтереді. Бұл жұмыстар арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры барысында  облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа таныстырылды.

Ашық аспан астындағы мұражай. Биыл Ойқала ықшам ауданында атқарылатын жұмыс жоспары ауқымды. Қала әкімі Болат Жұмабековтың айтуынша, мұндағы Потанин көшесінің келбеті өзгертіледі. Мамандар оны ескі орыс стилінде безендірмекші. Бүгінгі күні істің бір бөлігі аяқталыпты. Мәселен, қайың, шетен мен жөке ағаштары егілген. Енді өткен ғасырлардан сыр шертетін шамдар орнатылмақ. Ал храмның алдында жаңа алаң пайда болады. Ол ықшам ауданның ажарын аша түспек.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Храм маңындағы үйлер сүріледі. Бұл мәселе бойынша 10 баспана иесімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Тұрғындардың 7-еуі келісіп отыр. Сүру жұмысы аяқталғасын ол жерде адамдар қыдыра алатын үлкен, әдемі алаң салынады.

Уәлиханов көшесінің бойында да ауқымды жұмыс атқарылмақ. Мұнда да жеке тұрғын үйлер сүріледі. Олардың орнында мектеп, балабақша мен 10 көпқабатты үй бой көтереді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл жердегі 57 жеке тұрғын үй сүріледі. Орнында 885 пәтерді қамтитын көпқабатты нысандар салынады. Бұл әлдеқайда тиімді. Баспаналарды қаланың сыртына тұрғызып, шаһарды үлкейте беру дұрыс емес деп ойлаймын.

Үйлері сүрілетін петропавлдықтар назарсыз қалмайды. Олар өздерінің таңдауларына қарай баспаналары үшін ақша немесе жаңа пәтер алады. Атқарылатын істің арқасында Уәлиханов көшесі де біраз өзгермек.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Қазір жоспар әзірленуде. Көшені кеңейтетін боламыз. Жол 4 жолақты болады. Барлық қажетті коммуникациямен қамтылады. Қазірдің өзінде мұнда жарық шамдары, тротуар мен жасыл алаң бар.

Дәл осындай абаттандыру жұмыстары Крепостная көшесінде де жасалады. Нақтырақ айтсақ, Жамбыл мен Әуезов көшелерінің аралығындағы 900 метр аумақ қалыпқа келтіріледі.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Бұл жердегі құрылыстың бір бөлігін өткен жылы сүрдік. Жұмыс жалғасып жатыр. Біз осындағы тұрғындарды жеке ғимаратқа көшіреміз. Қаржы жеткілікті. 300 млн теңгеге жуық қаражат бар.

Қайта қалыпқа келтіруден кейін қаладағы қарбалас азаяды. Себебі, Крепостная көшесі транзиттік ретінде шаһардағы бірнеше ауданды байланыстыратын болады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қапай ықшам ауданында да жаңа жол салынады. Қазір оған жоба әзірлеп жатырмыз. Осы жылдың аяғында немесе келесі жылдың басында аудандағы үйлерді сүру жұмыстарын бастаймыз.

Береке ықшам ауданының тұрғындары да мұндай өзгерістен шет қалмайды. Мұнда түйіні шешілмей жатқан мәселелер көп: жол тар, кейбір жерлерде жарық шамдары, серуендейтін орын жоқ. Жақын арада пайда болады. Ауданда демалыс орны салынады. Саябақ 7 секторға бөлінеді. Бұл жерде ойын, тынығатын, жүгіретін алаңдар, тіпті кітап оқитын аймақ жасалады. Сонымен қатар, іс-шаралар өткізуге арналған амфитеатр бой көтереді. Аумақ көгалдандырылып, жарық шамдары орнатылады.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Береке ықшам ауданында ұзақ жылдардан бері дұрыс жарықтандыру болмаған. Бұл мәселе енді түгел шешіледі. Шамдарды орнатудың өзіне 80 млн теңге бағыттамақшымыз. Өткен жылдары үнемделген 11 млн теңгеге осында біраз жұмыс жүргіздік.

Әкімдердің тілшілермен өткізген баспасөз туры кезінде қала тұрғындары да көкейлеріндегі сауалдарын қойып, өтініштерін білдіріп жатты. Жерлестерімізді көбінесе көлік қою орнының жоқтығы мазалайды. Мәселе шешімін табады. Шаһар басшысы Болат Жұмабеков пайдаланылмайтын жерлерде автотұрақ жасалатындығын жеткізді.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Біз қаладағы пайдаланылмай тұрған жерлерді қайтарып алып, оның орнына автотұрақ жасағымыз келеді. Мәселен, осы маңайда көпқабатты үйлер көп. Бұл жерда көлік қоятын орын жасау қажет. Ол түгел жабдықталады. Жарықтандырамыз, бейнекамералар орнатамыз.

Тұрақ тегін болады. Мұндай жоба биыл қаладағы кем дегенде 10 аулада жүзеге асады. Қазір темір жол вокзалында шаруа қызу. Нысан қайта қалыпқа келтірілуде. Іс жоспарға сай атқарылуда. Бүгінде платформалар жөнделіп жатыр. Онда баспалдақтан бөлек, 10 адамға арналған лифтілер де салынады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жолаушылар қаншама жылдан бері ауыр сөмкелерімен осы баспалдақ арқылы көтеріліп, түсіп жүрді. Бұл өте ыңғайсыз. Жасалып жатқан жоба жақсы. Қаламызды мүмкіндігінше заманауи қылуға тырысуымыз керек.

Мамандар темір жол вокзалын қалыпқа келтіру жұмыстарын жыл соңында аяқтауды жоспарлап отыр.

Бердимурат Баймухан