Қоғам

Якорь тұрғындарын судың жетіспеушілігі толғандырады

Су бар, бірақ сығырайып қана ағады. Якорь ауылының тұрғындары таратушы құбырларда қысым жоқ деп наразы. Жарты село крандардан тіршілік нәрін кейде тамшылатып жинауға мәжбүр. Салдарынан бақша суару, тіпті, қол жуудың өзі мәселеге айналған.

Орталық су Якорь ауылына тартылғалы қай заман. Жуырда оны айдаушы мұнара да жаңартылған. Тіршілік нәрі осында жиналады, кейін құбырлар арқылы үйлерге таратылады. Таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін. Тек проблема – қысымның жоқтығында.

Ал Альберт Мелоянның аулада шағын бақшасы бар. Оны суару керек. Тек бір жеміс ағашының алдында шлангымен екі бүгіліп бірнеше минут тұруға тура келеді. Су құрғыр, сығырайып қана ағады, өйткені. Кейде тіпті тоқтап та қалады екен.

Альберт Мелоян – Якорь селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ауылдың 4,5 мың халқы бар. Көбі суды үйлеріне тартқан, ал таратушы құбырлардың диаметрі шағын ғана. Сондықтан, бәріне бірдей жетпейді. Краннан сорғалап қана тұрады.

Сондықтан, бақша суару былай тұрсын, қол жуу мен кір жуудың өзіне су жетпей жатады. Бұл – жарты селоның бас ауруы. Ал таратушы құбырларды үйіне тартпаған якорлықтар флягаларын сүйреп жақындағы колонкаға барады. Ол да желіге қосылған, сондықтан мұндағы жағдайдың да жетісіп тұрғаны шамалы.

Надежда Зырянова – Якорь селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Қазір су жақсы ағып тұр, ал кей кезде, тіпті сорғалап қалады. Бір фляганы толтыру үшін 15 минуттай тұрамыз. Күнде келеміз, күнде сол жағдай – қысым өте осал.

Қалыптасқан ахуалға Павел Зель жауаптылардың жауапсыздығы себеп дейді. Тұрғындар таратушы компания мен ауылдық округ әкіміне талай шағымданса керек. Тек тыңдар құлақ болса.

Павел Зель – Якорь селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ойлап қараңыздаршы, үйде су жоқ, ақпай тұр. Бір шелектің өзін тамшылатып жинаймыз. Ай сайын 2 мың теңгедей төлеп тұрамын, ал шарапатын көріп жатқан жоқпын.

Саят Ермек – тілші:

– Ең қызығы, судың қысымы ауылдың әр жерінде әр түрлі, яғни біркелкі емес. Манағы біз болған көшеде су сығырайып қана ағып тұрса, елді мекеннің екінші шетіндегі мына колонкада, мәселен, қысым өте жақсы.

Яғни, селоның бір бөлігінде бәрі жақсы, екіншісінде – тапшылық. Сонда бұған не себеп? Якорьды сумен қамтып отырған серіктестік басшысымен жүздестік. Сөзінше, тәулігіне ауылға 300-400 текше метр тіршілік нәрі беріледі. Ал оның еміс-еміс ағуына тұрғындардың өздері кінәлі дейді. Үйлердің 90 пайызында су сорғыш насос тұр. Бар гәп – осында.

Қайырбек Нұралин – “Қызылжар ЖКХ” ЖШС директоры:

– Керек кезінде олар сорғымен суларын алады, ал басқа үйлерге жетпей қалады. Мен оларға наурыз айында насостарыңды алып тастаңдар деп айттым. Сонда халықта су болады. Су жоқ емес, бар, бірақ ол көшелерге жетпей жатыр. Мұнда менің не аудан басшылығының кінәсі жоқ.

Одан қалды, құбырлар да ескі, сонау 70-ші жылдары тартылған. Сондықтан, жиі жарылып, істен шығып жатады. Су ағыны осалдығының тағы бір себебі – осы. Бұл проблемадан аудан билігі хабардар болып шықты. Тозығы жеткен құбырлар биыл жөнделуі тиіс дейді шенеуніктер.

Қайсар Әмірин – Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Санация тәсілі бойынша жүргізілетін болады, яғни ескі құбырлардың ішінен жаңа құбырлар өткізіледі. Ол мүмкін болмаса, жерді қазып, алмастыру жұмысы жүргізіледі.

Тіршілік көзімен қамту сонда аз да болса жақсаруы тиіс. Ал болашақта селодағы құбырлар толықтай жаңартылады. Олардың жалпы ұзындығы – 12 шақырым. Бірақ, бұл шаруаның қашан атқарылатыны, әзірге белгісіз, ал атқарылса сорғалап тұрған судың жыры бітеді. Ал, әзірге, якорлықтарға барға қанағат деуден басқа амал жоқ. 

Саят Ермек