МТРА жаңалықтарыҚұрылыс

Шаһар қалай өзгереді?

Петропавлда 1100 көпқабатты және 14 мың жер үй бар. Соңғыларының дені еңкіш тартқан. Бүгінге дейін ескі баспаналардың 700-і сүрілді. Мұндай жұмыс тағы 300 нысан орналасқан аумақта жүргізіледі. Шаһарда орын алатын өзгерістер туралы өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов қаланы аралау барысында айтты.

Шаһар – алақандағыдай. Бұл көрініс – Петропавлдағы ең биік баспананың 18-ші қабатынан қарағанда. Нысан «Жас Өркен» ықшам ауданында бой көтеруде. Жаңа үйлердің кілттері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенттеріне беріледі. Пәтерлердің өзі ғана емес, бағасы да тартымды. Әр шаршы метрі – 140 мың теңге. Қоныс тойын жерлестеріміз биылғы жаз айларында тойламақ. Мұнда бұдан басқа тағы 18 қабатты 2 бірдей баспана тұрғызылып жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұрғындардың пікіріне назар аударатын боламыз. Егер азаматтарға ұнап жатса, бұл жобаларды жалғастырамыз. Қалада тек биік нысандарды ғана салу қажет. Осылайша, шаһар аумағын тиімді пайдаланатын боламыз.

Өзге аймақтар көпқабатты нысандарды шаһар сыртына тұрғызады. Тиісінше жол салады, коммуникация тартады. Соның есебінен тариф қымбаттайды. Біздің өңір басқа қағиданы ұстанады. Биыл Петропавлда 25 көпқабатты баспана бой көтермек. Басым бөлігі сүрілген жеке сектордың орнына салынады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Парк көшесіндегі екінші қатардағы жер үйлер сүріліп, орнына көпқабатты баспана салынады. Мына жердегі екі кварталды бұзып, 300 пәтерлік екі тұрғын үй кешенін тұрғызамыз әрі Парк көшесін кеңейтеміз.

Жас Өркен ықшам ауданындағы тұрғындардың жолы болды дей бер. Баспана маңында Оқушылар мен Спорт сарайларыы бар, ал қазан айында қазақ театрының құрылысы аяқталады.

Кұралбек Атамұратов – СҚО мәдениет, архив және құжаттамалар басқармасының басшысы:

– Нысан – 3 қабатты. Аумағы – 12 мың текше метр.

Нысанның іші де сырты да көз тартарлық болмақ. Бірақ, ең бастысы – театрдың акустикасы. Енді әлемдік деңгейдегі әртістерді шақыруға мүмкіндік бар. Мұнда классикалық музыканың әуені де қалықтайды дейді өңір жетекшісі. Өзге мәдениет ошақтары да назарсыз қалмайды. Н.Погодин атындағы театр жарты ғасырға жуық уақыт күрделі жөндеу көрмепті. Әртістердің арманы жақын арада орындалады. Шаруа шілде айында басталмақ. Инженерлік желілер ауыстырылып, нысанның қасбеті мен ішкі дизайны толығымен өзгертіледі.

Болат Әсербеков, жобаның көркемдік жетекшісі:

– «Гжель» стилін негізге алып отырмыз. Бұл – орыстың ұлттық көркемсурет өнері. Түстер мен театрдағы атмосфера осы стильге негізделмек. Менің ойымша, әдемі, ерекше әрі жаңаша көрінетін болады.

Жобалаушылар кіреберістегі киімжайдың орнын ауыстыруды да қарастырып отырған көрінеді. Театр адам танымастай өзгеріп, әр бұрышы ерекше болады дейді мамандар. Уәлиханов көшесіндегі өзгерістер де қуантпай қоймады. Мұнда 900 орынға шақталған су жаңа білім ұясы тұрғызылуда. Мектеп халық игілігіне келесі жылы тапсырылады.

Мурат Харсиев, «Құрылыс-сервис СК» ЖШС құрылтайшысы:

– Все материалы наши свои?

– Все абсолютно. Плиты, окна, кирпич, газоблок. Всё местное. Только из Астаны ригеля.

Қыркүйек айында мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын 1-ші сынып оқушыларының саны 9200-ді құрамақ.

Әлия Әбілева – қала тұрғыны:

– Менің балаларым балабақшада. Оны тәмамдаған соң, осы мектепке оқуға беремін.

Ал берекеліктер былтыр су жаңа қазақ мектебіне қол жеткізді. Енді тұрғындарға емхана қажет. Қауқары күніне 250 науқасты қабылдауға жететін мекеменің құрылысы келесі жылы аяқталады. Жоба құны – қолақпандай 2 млрд теңге. Қызу шаруа болашақ көпбейінді аурухананың учаскесінде де жүріп жатыр. Алаңдағы жұмыс тоқтаған емес. Керісінше, әлемде болып жатқан соңғы жағдайлар әр мемлекеттің медицинаға көп көңіл бөлуі қажеттігін дәлелдеді. 

Эльмира Садвокасова