Денсаулық сақтау

Мамырдың 12-сі – Халықаралық медбикелер күні

Мейірімділік пен қайсарлықтың символы. Мамырдың 12-сі, яғни бүгін – Халықаралық медбикелер күні. Өңірдің өзінде 1400-ден аса медбике жұмыс істейді. Науқастарды емдеуде дәрігерлермен бірге алғы шепте жүретін жандардың еңбегі орасан.

48 күн. Осынша уақыт №1 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесінде еңбек ететін мамандар отбасын, туған-туыстарын және достарын көрген жоқ. Өйткені, олар күн-түн демей тәжді вируспен күресуде. Нақтырақ айтсақ, індет жұқтырған адамдарды емдеуде. Қазір мұнда 6 науқас жатыр. Олардың ем-домына дәрігерлермен қатар, медбикелер де жауапты. Бүгін бұл жандардың кәсіби мерекесі.

Сандуғаш Айдарханова – №1 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесінің медбикесі:

– Жұмыс жасап жүргеніме 1 жарым ай болды. Науқастардың жағдайы бірқалыпты. Жұмыс ауыр болса да көңіл-күй көтеріңкі. Өйткені, туған-туыстар, достарым, әріптестерім құттықтап жатыр.

Бұл күннің Самат Майданов үшін мәні мен маңызы зор. Себебі, биыл жас жігіт кәсіби мерекені алғаш ретіп атап өтуде. Ол өткен жылы ғана қаладағы медициналық колледжді бітіріп, №3 қалалық емхананың мейіриесі болып жұмысқа орналасыпты. Осылайша балалық арманына қол жеткізген.

Самат Майданов – №3 қалалық емхананың мейіриесі:

– Менің анам да медицина саласында істейді. Сондықтан мен сол саланы таңдадым.

Қазір облыс бойынша 1400-ден астам медбике бар. Тағы, 5 мыңнан аса орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Мамандардың басым бөлігі – Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің түлектері. Ал қалғандары – еліміздің түкпір-түкпірінен келген жандар.

Маржан Касымбек