Аптадағы маңызды жаңалықтар

Коронавирустың салдарымен күрес

Барша әлем дағдарысқа душар болуда. Коронавирустың салдары ел экономикасына да әсер етпей қоймады. Енді тек коронавируспен ғана емес, кризиспен де күресу қажет. Бірақ, адам денсаулығы баяғыша басты орында болып қала бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Менің тапсырмам бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді.

Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адам өмірі. Еліміз карантин кезінде бұны сан мәрте дәлелдеді. Ешбір азамат қиын жағдайда жалғыз қалмады. 2 ай бойы жәрдемақы төленді, азық-түлік пакеттері үлестіріліп, коммуналдық қызметтер субсидияланды.

Елена Семидоцких – СҚО іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі:

– Менің қала бойынша гүл дүкендерім бар. Карантин жарияланғанда сауда павильондары жабылды. Қол астымдағы қызметкерлер жұмыссыз қалды. Уақытша табысынан айырылғандықтан, оларға 42500 теңгеден төленді. Мамырдың 4-інен бастап қайта іске кірісудеміз. Абырой болғанда, шығынға аса батқан жоқпыз. Бастысы – бас амандығы.

Мемлекеттік қолдаудың бағыты біршама өзгереді. Енді дағдарыстан шығудың жолдары қарастырылып жатыр. Жұмыс және баспанамен қамту, кәсіпорындардың санын көбейтіп, экономиканы қалыпқа келтіру. 2020-ға жоспар осы. Бірақ, межені ғана ойлап, денсаулыққа бейжай қарауға болмайды. Сондықтан, 2 метр арақашықтық пен бетперде, антисептик туралы естен шығармайық дейді ақ халаттылар.

Ақәділ Қаныбек – №3 қалалық емханасы зертханалық-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі:

– Індетті тоқтату үшін көптеген шаруа атқырылып жатыр. Мәселен, бізге келген науқастардың температурасы, жөтелі болса, олар лас аймаққа өтіп, тест тапсырады. Ал таза аймақта науқастар дәрігерлерге қаралады.

Сауда павильондары ашылып, балабақшалар, білім беру орталықтары іске кірісуде. Көшелерде де халық ағылуда. Қалаға қайта жан бітті, қысқасы. Егер өңірдегі коронавирус инфекциясының өсімі 7 пайыздан аз болса, жұмысын жалғастырған нысандардың тізімі де кеңейе түспек.

 

 

 

Эльмира Садвокасова