Денсаулық сақтау

Өңірде медициналық қорғаныс құралдары жеткілікті

Төтенше жағдай режимі аяқталса да тұрғындар сақтық шараларын қатаң ұстанулары қажет. Бұрынғыдай қолды антисептикпен тазартып, көпшілік орындарда маска киіп жүрген жөн. Фармацевт мамандардың айтуынша өңірде жеке қорғану құралдары жеткілікті және қор уақытылы толтырылып отырады.

Өңірімізде коронавирус пайда болған кезде-ақ жергілікті дәріханаларда антисептик пен қарапайым маска табу қиынның қиыны болған еді. Дүрліккен халық бірінші кезектегі қорғану құралдарын жаппай сатып алып кетті. Осыған байланысты дефицит орын алды. Бірақ, өңірлік фармацевтер бұл мәселені дереу қолға алып, аз уақыттың ішінде қорды қажетті заттармен қайта толтырды. Қазір төтенше жағдай режимі тоқтады. Алайда, санитарлық және дезинфекциялық жұмыстар одан әрі күшейтілді. Тұрғындар сыртқа маскамен ғана шығулары тиіс дейді мамандар.

Тамара Анохина – СҚО фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығының атқарушы директоры:

– Қазір қорғаныс құралдарына деген сұраныс әлі де бар. Бірақ, өңірде олардың қоры жеткілікті. Заттардың саны мен бағасын күнде бақылап отырмыз. Аптекаларда маска, антисептик, қолғап, спирт, мақта және тағы да басқа вирусқа қарсы препараттарды еш қиындықсыз сатып алуға болады.

Мәселен, бүгінгі күні облыста орта есеппен 9 мыңнан аса медициналық маска, 18 мың антисептик пен 102 мың қолғап бар. Тұрғындар масканы 118 теңгеге сатып ала алады. Еске сала кетейік, өңірде коронавирус жағдайы тіркелген кезде солтүстікқазақстандықтар індетпен жұмыла күресті. Жергілікті ательелер көпреттік маска тіксе, кәсіпкерлеріміз антисептик өндіруге кірісті. Сол себепті ме қорғаныс затарына деген сұраныс басындағыға қарағанда әжептәуір азайды дейді фармацевт мамандар. Ал тұрғындар бұған не дейді?

– Антисептик пен масканы әлі қолданамыз. Дәріханаларда бәрі бар. Бағалары да соншалықты қымбат емес деп ойлаймын.

– Басында маска жетіспеген. Кейін оны өзіміз қолдан тігіп, сатып алуды доғардық. Қазір қажетті қорғаныс құралын дәріханалардан ғана емес, кез келген дүкеннен сатып алуға болады.

Қазіргі күні тұрғындар үшін 138 анықтама нөмірі мен «Фармогородок» сайты жұмыс жасайды. Жерлестеріміз экранда көрсетілген нөмірге хабарласып, қай дәріханада қандай дүние сатылатынын үйден шықпай-ақ сұрап біле алады. 

Бердимурат Баймухан