Құқық қорғау органдары

Электросамокатты пайдалану ережелері

Қазіргі уақытта әрлі-берлі жүйткіп жүрген электросамокат иелері қандай ережелерді ескеруі қажет? Осы бағытта жергілікті тәртіп сақшылары облыс орталығында профилактикалық рейд өткізді.

Полицейлердің сөзінше, әсіресе жастар арасында кең таралған көлік құралын тізгіндеген кезде арнайы талаптарды сақтау керек. Мәселен, заманауи дүниеге тым үлкен зат тиеуге болмайды. Жүк одан 50 сантиметрден артық шықпауы міндетті екен. Тағы, электросамокатты 16 жастан бастап басқаруға рұқсат етілген. Оның үстіне тұрғындар веложолақпен ғана қозғалулары тиіс. Ал мұндай мүмкіндік болмаса, жолдың оң жақ қапталы арқылы жүргендері жөн. Шара барысында мамандар дәл осы ережелерді жүргізушілерге баяндап, заңбұзушылық орын алған жағдайда қолданылатын жазаларды түсіндірді.

Азамат Жамұқов – СҚО ПД жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-ші бабының 1-ші бөлігіне сәйкес, жаяу жүргіншілердің және жол жүрісінің өзге де қатысушыларының жол жүрісі талаптарын орындамағаны үшін екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Ешкенова Дана