Білім

Білім беру ұйымдары жұмыстарын қайта бастайды

Қазір өңірдегі психологиялық-коррекциялық кабинеттер, аутизм орталықтары қайта жұмыс істеп жатыр. Ал өзге де қосымша білім беретін жеке меншік ұйымдар мен үйірмелер келушілерді мамырдың 18-інен қабылдамақ. Университет, колледждер мен мектептерде режим – қалыпты.

Яғни, қашықтықтан оқыту жалғасуда. Келесі аптада соңғы аталған оқу ошақтарында 1-ші мен 10-шы сынып шәкірттері арасында жиынтық бағалау жұмыстары басталады. Ал түлектер бақылау тапсырады. Осы орайда айта кетейік, биыл мектептерде қорытынды емтихан мен аттестаттау болмайды. 2 аптадан соң үлкен өмірге аяқ басатын жергілікті жастардың 151-і – Алтын белгіге”, 116-сы “Үздік аттестатқа” үміткер екен. Олар үшін соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру шарасы біріктіріліп, маусым айының 3-4-і күндері ұйымдастырылмақ. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеудің өтетін уақыты мен ережелеріне өзгертулер енгізілмеген.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Биыл облысымызда 11-ші сыныпты 3275 ұл-қыз бітіргелі отыр. Оның 2477-сі ҰБТ-дан өтуге өтініш білдірген екен. Бұл жалпы түлектер санының 72 пайызын құрайды. Маусым айындағы тестілеу мерзімі шамамен 20 маусымнан 5 шілдеге дейін өткізіледі.

Актолкын Солтанханкызы