Қоғам

Балабақшалар келушілерді қайта қабылдайды

Елімізде төтенше жағдай режимі аяқталып, карантин жеңілдетілуде. Осыған байланысты ертең қаладағы  мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметтерін қайта бастайды.

Қаламыздағы «Нұрсәт» балабақшасының ішінде қауырт жұмыс. Мұнда 150 ұл-қызды қайта қарсы алуға дайындық жүріп жатыр. Істі тәрбиеші, тазалаушылар мен аспаздар атқаруда. Оларға жүктелген міндеттердің бірі – зарарсыздандыруға ерекше көңіл бөлу.

Зәукен Галимова – «Нұрсәт» балабақшасының меңгерушісі:

– Балабақша ертеңнен бастап ұл-қыздарды қайта қабылдайды. Оған дайынбыз. Санитарлық талаптардың бәрін орындадық. Білім беру ұйымы барлық залалсыздандыру құралдарымен қамтылған. Қабылдау бөлмелеріне санитайзерлер қойылған. Бізде барлығы 14 топ бар. Оның 4-еуі – қазақ тілінде, ал қалғандары орыс тілінде оқытылады.

Бүгінде қалада 57 мектепке дейінгі білім беру ошағы бар. Мамырдың 13-інен, яғни ертеңнен бастап олардың барлығы өз жұмысын қайта бастайды. Бірақ, балаларын балабақшаға апаруға, әзірге, жұмыс істейтін ата-аналар ғана рұқсат етілген.

Сайран Испандьярова – қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Ертеңнен бастап балабақшаларда кезекші топтар жұмыс істейді. Топтарға балақайлар жас ерекшеліктері бойынша іріктеледі. Әрқайсысында 15 адамнан ғана болуы тиіс. Бұл еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген. Ал мамырдың 18-і күні ата-аналардың барлығы ұл-қыздарын балабақшаға әкеле алады.

Осы орайда ата-аналар бірқатар ережені ескергендері жөн. Олар балаларын балабақшаға әкелмес бұрын ұл-қыздарының денсаулығы жайлы анықтама ұсынулары тиіс.

Сайран Испандьярова – қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Төтенше жағдай тоқтағанымен, карантин шаралары сақталғаны жөн. Біз ата-аналарды мына ережені білуге шақырамыз: кішкентайларды балабақшаға жасы 65-тен асқан, ауру адамдармен қарым-қатынаста болған және аяғы ауыр жандармен жіберуге болмайды. Сондай-ақ, ата-аналар учаскелік балалар дәрігерінен эпидаумақтың тазалығы жайлы анықтама алуы қажет.

Барлық балабақшада санитарлық талаптар қатаң сақталады дейді мамандар. Бөлмелер жуылып, әр сағат сайын желдетіліп, кварцталып отырады. 

Бердимурат Баймухан