Құрылыс

“5-10-20” жобасы аясындағы жұмыстар

Ел Президенті айтқандай қолжетімді тұрғын үй құрылысы экономиканы дамытудың, жұртты жұмыспен қамтудың, әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызды факторы болуы тиіс. Сол себепті, күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «5-10-20» атты жаңа жобаны іске асыруды тапсырды.

Тың бастама аясында мемлекеттік қызметшілер жаңадан тұрғызылған баспанаға қол жеткізе алады. Ол үшін азамат пәтер кезегінде тұруы керек және “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” салымшысы болуы қажет. Жаңашылдықтың шарттары қарапайым: алғашқы жарна ретінде жылжымайтын мүлікке бекітілген соманың 10 пайызын жинау – шарт. Ипотека 20 жылға рәсімделеді. Ал жылдық үстемақы 5 процентті құрайды. Қазіргі уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкiнің облыстық филиалында 46 мың 500 клиент бар екен. Салымшылардың 7 мыңы – баспана кезегінде тұрған мемлекеттік қызметшілер.

Алмас Жапабаев — «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ СҚОФ директоры:

– Қазір жергілікті билік «5-10-20» жобасы аясында құрылысшылармен келіссөздер жүргізіп, құрылысқа лайықты жер учаскелерін қарауда. Әзірге, істің қашан басталатыны белгісіз. Алдағы уақытта толық ақпарат жарияланады. Жалпы, биыл біз “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша 8 үй немесе 847 пәтер тапсыруды жоспарлап отырмыз. Олардың 7-еуі Жас Өркен ықшам ауданында орналасқан. Осы орайда салымшылардың, әсіресе әкімдікте кезекте тұрған жандардың құлағына алтын сырға, мамырдың 27-сінен “Волна” шағын супермаркетінің жанында салынып жатқан 12 қабатты баспанаға құжаттарды қабылдау басталады. 

Култанов Байболат