МәдениетХалық тарих толқынында

Әртістер ардагерлерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады

Петропавлдық әртістер ардагерлерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады. Олар дәл 9-шы Мамыр күні бірқатар қарттың үйіне барып, аулада концерт қойды. Мерекелік іс-шараға Отан үшін от кешкен майдангерлер де ортақтасты.

Садықан Қазбаев – 2 бірдей майданды бастан өткерген жан. Қазақтың қайсар ұлы алдымен фашистік Германияға, кейін шығыстағы Жапонияға қарсы тұрды. Елге тек 47-ші жылы оралды. Сондықтан, 9-шы Мамыр – майдангер үшін маңызы мен мәнісі аса зор мереке.

Бұл мейраммен ардагерді жергілікті әртістер қауымы арнайы құттықтай келді. Олар құлақтың құрышын қандыра ән айтуда. Ауладағы атмосфера керемет. Тұрғындар қалалық мәдениет үйінің қызметкерлерімен қосыла шырқап, би билеуде.

Іс-шарада соғыс туралы әндер айтылды: “День Победы”, “Майский вальс”, “Журавли”. Әр туынды жүректі тебірентеді, көңілге терең ой салады. Әсіресе, соңғы шығарма жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Тұрғындар күрсінді, көздеріне еріксіз жас алғандар да болды. Әртістердің өнерін 97 жастағы Садықан ардагер балконнан тік тұрып тамашалады. Арасында жымияды, қолын көтеріп, сәлем жолдайды.

Концерт соңында аулаға ардагердің ұлы Асқар Қазбаев шықты. Ол мерекелік көңіл-күй сыйлаған әртістерге алғысын білдірді. Майдангерге іс-шара ерекше ұнапты.

Асқар Қазбаев – ҰОС ардагері Садықан Қазбаевтың ұлы:

– Бүгінгі концертті тыңдады. Өте риза. Әкеміз барлығын құттықтап, соғыс болмасын деп айтып жатыр. Концерт барлығымызға ұнады.

Жалпы, 9-шы мамырда қалалық мәдениет үйінің өкілдері 10-ға тарта жанды мерекемен құттықтай барды. Яғни, бірнеше аулада концерт қойылды.

Асқар Жәменов – қалалық мәдениет үйінің директоры:

– Акция бойынша 8 мекен жайымыз бар. Жаңа бір адресте болдық. “Береке” ықшам ауданында тұратын ардагерді құттықтадық.

Жер-жерде ұйымдастырылған іс-шара петропавлдықтарға да ұнады. Олар мерекені сезіндік дейді.

– Бүгін көңіл-күйіміз көтеріліп қалды. Концерттен ереше әсер алдық. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз!

– Концертті үлкен де, кіші де тамашалады. Барлығымызға ұнады. Ардагерлеріміз жасай берсін!

 

 

 

Култанов Байболат