Қоғам

ҰОС-ның ардагері 100 жасқа толды

Мамырдың 10-ы күні Ұлы Отан соғысының және Ішкі істер органдарының ардагері Никита Семенов 100 жасқа толды. Ғасыр жасаған қарияны қос мерейтоймен облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев арнайы барып құттықтады. Оған қоса, жергілікті тәртіп сақшылары майдангердің ауласында концерт ұйымдастырды. Іс-шараны қарт пен сол маңдағы тұрғындар да тамашалады.

Никита Семенов 1940 жылы 20 жасында әскерге шақыртылады. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кезде соғыс басталып кетеді. Сөйтіп, өрімдей жігіт ұрыс даласына жіберіледі. Сұрапыл жылдарды басынан аяғына дейін өткерген.

Күні кеше ғана ҰОС-ның ардагері 100 жасқа толды. Осыған орай майдангерді мерейтойымен өңірдің бас полицейі Марат Төлебаев арнайы құттықтап барды.

Марат Төлебаев – СҚО ПД бастығы:

– Құрметті, Никита Герасимович, сізді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен және 100 жылдық мерейтойыңызбен құттықтаймыз. Ең бастысы, сізге денсаулық тілейміз. Ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын.

Никита Герасимович бейбіт заманда да елдің өркендеуіне талай үлес қосты. Зейнет жасына дейін ішкі істер органдарында еңбек еткен. Сондықтан, бүгінгі ізбасарлары ардагердің ауласында мерекемен құттықтап, концерт қойды.

Тұрғындар да өз кезегінде майдангерге жылы лебіздерін білдірді.

Асия Акина – қала тұрғыны:

– Ұлы Отан соғысының ардагерімен көрші болғанымызды мақтан тұтамыз. Никита Герасимовичке айтар алғысымыз шексіз. Осындай ержүрек жандардың арқасында қазір бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз.

Айта кетейік, мамырдың 9-ы күні полиция департаментінің өкілдері Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен тағы 2 ардагерді құттықтады. Олардың барлығы да соғыс аяқталғаннан кейін ішкі істер органдарында жұмыс істеген.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана