Мәдениет

Онлайн жыр-мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды

«Отан үшін от кешкендер»! Осындай атаумен облысымызда онлайн жыр-мүшәйрасы өтті. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған сайыста сөз шеберлері әлеуметтік желіде, яғни қашықтықтан сынға түсті. Бұл жолы жүлдегерлерді анықтауға қазылар алқасынан бөлек, тұрғындар да ат салысты.

Сөз шеберлерінің онлайн форматтағы сайысы 2 айналымнан тұрды. Алғашқы кезеңде ақындардың өнерін қазылар алқасы бағалапты. Нәтижесінде ең көп ұпай жинаған 8 адам ақтық сынға жолдама алған екен. Ал финалдың ережесі басқаша. Мұнда үздіктерді тұрғындар таңдайды.

Финалға жолдама алған жандардың бірі – қалалық ”Qyzyljar nury” газетінің шеф-редакторы Нұргүл Оқашева. Ол 2-ші кезеңде «Боздақтар монологы» атты өзінің жүректерді туындысын оқыған. Ел қорғаған жауынгерлерге арналған өлең көпшіліктің көңілінен шықты. Оған 700-ден аса адам лүпіл басыпты. Осылайша журналист 1-ші орын мен 80 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды.

Ал сайыстың бас жүлдесін облыстық «Жас қаламгер» клубының жетекшісі Аманжол Зағыпар қанжығасына байлады. Оған 100 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Ақын онлайн мүшәйрада 2 бірдей өлеңін оқыпты. Қос туынды да қазылар мен тұрғындардың жоғары бағасына ие болған.

Аманжол Зағыпар – облыстық «Жас қаламгер» клубының жетекшісі:

– Бірінші өлеңім – “Ұлы Жеңіс аналардың жеңісі ол”. Ана деген баланы дүниеге әкелуші, соғыс болса оның болашағын құртушы. Ал екінші өлең қазіргі ахуалға байланысты. Өлең “Ұлт бірлігі” деп аталады. Онда халқымыздың қаншалықты мықты болғандығын баяндадым.

Жалпы, «Отан үшін от кешкендер» атты облыстық онлайн мүшәйра мамырдың 4-і мен 5-і күндері аралығында “Facebook”-та өтті. Оған солтүстікқазақстандық 20 ақын қатысқан.

Маржан Касымбек