Қоғам

Біз біргеміз: СҚО Мақтаарал ауданына гуманитарлық көмек жөнелтті

Біз біргеміз! Мамырдың 10-ы Солтүстік Қазақстаннан Түркістан облысына гуманитарлық көмек аттанды. Еске салсақ, айдың басында Өзбекстанда Сардоба қоймасы жарылып, топан су Мақтаарал ауданының 5 ауылын басқан еді. Жанын аман сақтап қалмаққа жұрт үйі, малы мен дүниесін тастауға мәжбүр болды. Қиын жағдайға тап болған ағайынға біздің өлке азық-түліктің 20 тоннасын жөнелтті. Ол сейсенбі күні жетуі тиіс.

Бірлік күніндегі сұмдықтың көрінісі бұл. Көрші Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті мамырдың бірі кенет бұзылды. Бұл апаттың кесірі Қазақстанның оңтүстігіне аямай тиді. Мақтаарал ауданының 5 ауылы су астында қалды. Тілсіз жау мыңнан астам үйге кірді, ағайынды дүниесіз қалдырып, бас сауғалатты. 30 мың отандасымыз қауіпті ортадан қауіпсіз жерге көшірілді. 700-ге тарта мал басы қырылып, су егістік алқаптарды басты.

“Апат айтып келмейді” деген осы. Солтүстік Қазақстан жұрты тасқынды жандарын шүберекке түйе жылда күтсе, бұл қызыл су мақтааралдықтарға аяқ астынан келді. Барынан бір күнде айырылып, ашынған бұқара көмек сұрауда.

Түркістан облысында қазір төтенше жағдай режимі. Топан судың салдарымен күрес жүріп жатыр. Ала тақиялы ағайынды елдің билігі кешірімін сұрап, қолдан келгенше көмектесуде. Ал қос мемлекеттің премьерлері күні кеше Мырзакенттегі жаңа ықшам ауданның іргетасын қалады. Президентіміз су астында қалған ауылдарда мыңнан астам жаңа үй салынып, зардап шеккендерге 100 мыңнан беріледі деді. Өңірлер де Мақтааралға гуманитарлық көмекке толы фураларды кезек-кезек жөнелтіп жатыр. Мамырдың 10-ы мұндай жәрдем Солтүстік Қазақстан облысынан да аттанды.

Кемел Оспанов – СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Мақтааралдықтардың мықты болып, шыдамдылық танытып, осы қиындықтан ерлікпен шығуларына тілектеспіз. Қазақ еш уақытта жақынын тастамаған. Қазақта “асар” деген болған. Бұл – біздің мақтааралдықтарға көрсетіп жатқан асарымыз.

Иә, қиын сәтте қол ұшын созу – ел бірлігінің көрінісі. Ұн, картоп, макарон – жүк көлігінде ең қажетті деген азық-түлік. 20 тоннадан астам өнімнің бәрін жергілікті кәсіпкерлер берген.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– 2 тәулікке жақын жүреміз. Жалпы, Петропавлдан Атакент ауылына дейінгі арақашықтық – 2 300 шақырым.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек