МТРА жаңалықтары

Азаматтарды қолдау мен бизнесті дамыту

Төтенше жағдай аяқталды, енді дағдарыстан шығудың амалдарын қарастыру қажет. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комиссияның отырысында азаматтарды қолдау мен бизнесті дамытудың механизмдерін атап өтті. Халықтың әл-ауқатын жақсарту шаруасы 7 бағытта жүзеге асырылмақ. Тұрғындарды екі қолға бір күрекпен қамту, баспана мәселесін шешу, аграрийлер мен кәсіпорындарға көмек көрсету. Ел Президентінің бастамасын солтүстікқазақстандықтар бірауыздан қолдап отыр.

Карантин мемлекеттегі осал тұстарды көрсетті. Енді қатемен жұмыс жасап, мәселелерді шешетін уақыт жетті. Мысалы, шикізатты шетелдерге экпорттаудың орнына, оны елімізде өңдеуді қолға алу керек. Басымдық дәл осы салаға берілетін болады. Отандық тауарлардың барлығы пайдаға жұмсалмақ. Себебі, бизнес өкілдері барынша қазақстандық өнімдерді қолдануға міндеттеліп отыр. Мәселен, құрылысқа материалдарды сырттан емес, өзіміздің компаниялардан алу қажет. Елді мекендерде жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын жандар да назардан тыс қалмады. Сүт, май, қаймақ, ірімшікпен қамтамасыз ететін 1 млн 700 мың адамның бірі де ресми түрде тіркелмеген екен.

Бақытжан Сәмиева – СҚО әйелдер күші альянсының төрайымы:

– Ауылды жерлерде азаматтар қаймақ, сүт сатады. Бірақ, Үкімет оны көрмейді. Олар тіркеліп, ресми түрде сатулары қажет. Сонда ертең өздері де мемлекет тарапынан қорғалады.

Мәселенің мән-жайы 42500 теңгені алу барысында анықталды. Жәрдемақыға қол жеткізгендердің 40 пайызы бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет жасаған екен. Яғни, мыңдаған адам осыған дейін не зейнетақы, не медициналық қорға бір тиын да аудармаған. Ертең олар дәрігерлердің көмегіне жүгініп, еңбек демалысында өздерін қаржымен қамти алмайды. Аталған санаттағы барлық жандарға мемлекеттің көмегі қажет дейді Президент. Ол көмек көрсетіледі. Шаруасын көлеңкеде жүргізгендер ресми түрде тіркеледі, ал жұмыссыздарға екі қолға бір күрек берілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөліп отырмыз. Оны шағын бизнесті несиелеуге де пайдалануға болады.Соның бәрі құзырлы орындардың бақылауында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуға тиіс.Осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет .Бұған жұмысшыларды барынша көптеп тарту керек. Үнемі экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамытатын бастамалар қолға алынуы қажет.

Мектептер, ауруханалар салынып, нысандар жөндеу көреді. Көпқабатты баспаналардың құрылысы да қарқынды жүргізіледі. Биыл Қазақстанда тапсырылатын пәтерлердің саны бойынша жаңа рекорд орнамақ. 2020-да мемлекет 15 млн текше метр тұрғын үйді еңгізуді жоспарлауда.

Светлана Кашенцева – №1 қалалық емхананың бас дәрігері:

 – Баспана мәселесін шешу үшін «5-10-20» бағдарламасы енгізілмек. Алғашқы жарна 10 пайыз, жылдық үстемақы 5 процентті құрайды. Ипотеканы 20 жылдың ішінде бөліп төлеуі тиіс. Бұл тұрғын үй кезегінде тұрған жандар үшін үлкен мүмкіндік. №1 қалалық емханада 30 жас маман еңбек етеді. Барлығы дерлік пәтерге мұқтаж. Қазір жалдап тұрып жатыр.

Салық төлеуге де өзгеріс енеді. Бүгінге дейін барлығымыз бірдей табысымыздың 10 пайызын мемлекетке аударған болатынбыз. Ал, енді…

Дінмұхаммед Шайкин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ экономика мен есеп кафедрасының меңгерушісі:

– Жоғары жалақы алатын азаматтар салықты 10 пайыздан көп төлейді. Ал, айлығы өте төмен жандар керісінше азырақ аударатын болады. Бұл тұрғындарға үлкен қолдау.

Прогрессивті салық мөлшерлемесі Қазақстан үшін тың дүние. Бірақ, бұл жүйе қазір АҚШ, Германия сынды дамыған мемлекеттерде сәтті жүзеге асырылып жатыр.

 

Эльмира Садвокасова