Көлік және жолдар

Арман болған қиыршық тас

Батпақ кезіп жалықтық! Осындай шағыммен арна редакциясына Жұмысшы кентіндегі Целинная көшесінің тұрғындары хабарласты. Олардың айтуынша, көрші жатқан көшелерге жылда қиыршық тас төселеді, ал неге екені белгісіз, дәл осы жол қалып қоя береді. Ал қала билігіне жазылған хаттар мен шалынған қоңыраулар еш нәтиже бермеген.

Саят Ермек – тілші:

– Жолдар – Жұмысшы кентінің басты проблемаларының бірі. Жергілікті билік жыл сайын қиыршық тас төсеп, тегістеп жатырмыз деп әдемілеп есеп береді, бірақ шындығына келгенде тұрғындар тарапынан шағымдар азаяр емес. Мәселен, мына Суворов көшесіне екінші рет қиыршық тас төселіпті. Ал оның қиылысында орналасқан Целинная бірде-бір рет жөндеу көрмеген.

Ақиқаты сол – бір көшелер жылда қалыпқа келтіріледі, екіншілері жылдап ұмыт қалады.

Ләззат Әбілова – қала тұрғыны:

– Мамырдың басында Суворов көшесіне екінші мәрте тас төселді де, ал біздің Целинная көшесі тағы да қалып қойды.

Ал толарсақтан су, тобықтан батпақ кешіп жалыққан ағайын “біздің өзгелерден неміз кем?” деп наразылықтарын білдіруде. Ләззат Әбілова мәселені 2018-де көтеріп, қалалық әкімдікке хат жазған. Ақша бөлініп, жағдай болып жатса, тас төсейміз деген жауап келіпті. 2 жылда өзгерген түгі де жоқ. Целинная көшесінің атауы ғана әдемі болмаса, жағдайы сол қалпы мүшкіл – шұңқыры сансыз көп қара жер. Абырой болып, биылғы көктем құрғақ, ал жауын жауса ше?!

Ләззат Әбілова – қала тұрғыны:

– Жаңбыр жауса – саз. Асфальтқа жету үшін екінші аяқ киіммен шығу керек. Етікпен, галошпен жүреміз. Қазіргі заманда мұндай жағдай, әрине, қиын. Мектепке баратын бала-шаға бар. Сіздер мәселені қарастырып, көмектессеңіздер!

Бұл – бүтін бір көшенің жан айқайы. Журналистердің келгенін көріп, бәрі сыртқа шықты, шағынды. Сөздерінше, жолды қолдан келгенше жамауға тырысады, тек қайыр шамалы. Бір мәшине қиыршық тас бұл жандардың арманына айналғалы қашан.

Суворов көшесінің тағы бір жаңарғанын көріп, азаматтар “біз неге тағы ұмыт қалдық деп” қалалық әкімдікке өтініш те жазған, телефон да шалған. Шенділер кері байланысқа шықпаса керек.

Тамара Фомина – қала тұрғыны:

– Өткен аптада хабарласып, журналистерді шақырамын дедім. Шақырмаңыз, түстен кейін қайта қоңырау шалыңыз, өтінішіңізді қарастырамыз деді. Бұдан кейін әкімдік тұтқаны көтермеді.

Ал біз қоңырау шалғанда тұтқаны көтерді, жағдайды түсіндірді. Әкімдік айтады: қаланың 33 көшесіне қиыршық тас төсеу үшін биыл облыс бюджетінен 300 млн теңге бөлінген. Тек бұл тізімде Целинная жоқ. Дегенмен, жолдарға жауапты ведомство өкілдері жуырда бұл көшеге де жетеміз деп сендірді.

Бақыт Ілиясов – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Тендерлердің бәрі өткеннен кейін, бөлінген 300 млн теңгенің бір бөлігі үнемделеді. Біздің болжауымызша, 50 млн-дай қалуы тиіс. Бұл қаражатқа кенттегі қосымша 15 көшеге қиыршық тас төсейміз. Сол 15 көшенің ішінде Целинная да болады.

Нақты дата әзірге беллгісіз, белгілісі – көше тұрғындарының арманы биыл орындалуы тиіс. Жылдар бойы күткен қиыршық тастың сапалы төселуін тұрғындар жіті бақылаймыз деп оқталып отыр. Сөздерінше, жұмыстарды атқармас бұрын жолды тегістеп алу керек. Өйтпесе, келесі көктемге дейін материал батпақты жердің астына кетуі әбден мүмкін. Ал бұл – желге ұшқан ақша.

 

 

Саят Ермек