МТРА жаңалықтарыМТРА жаңалықтары

7 Мамыр күніне арналған шығарылым

Наурызбай Қасымов әскерден 2 жыл бұрын келген. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу әрбір жастың парызы дейді. Бұны сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Ел басына күн туған шақта үйде қол қусырып отырмай коронавируспен күресте өз үлесін қосуға ниет білдірген.

Наурызбай Қасымов – СҚО аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметкері:

– Мен 2017 жылы Отар әскери кентіне қызмет етуге аттанған болатынмын. Сол кезде ант қабылдадым. Еліме қиын кезде адал қызмет атқарамын деп өз еркіммен арнайы жиындарға келдім.

Максим Кунгель – тіс дәрігері. Әскерде 8 жыл бұрын болған. Мемлекет басшысының арнайы жиындар өткізу туралы жарлығын ести сала ол да бірден сарбаздардың қатарына қосылған.

Максим Кунгель – СҚО аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметкері:

– Бізге жүктелген міндет – қала ішін зарарсыздандыру. Күніне 200-ге жуық үйді дезинфекцияладық. Індетті жоюға аз да болсын септігімізді тигіздік деп ойлаймын.

Президенттің әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақырту туралы жарлығы жарияланғаннан кейін өңірде 39 сарбаз сапқа тұрды. Олар қалада 20 күн бойы жіті тазарту жұмыстарын жүргізді.

Дәулет Толыбай – СҚО әкімінің әскери және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі:

– Әскери міндеттілер аялдамалар мен подъездерді, балалар алаңқайларын зарарсыздандырды. Дезинфекциялау шаралары 3 мыңнан астам нысанды қамтыды. Бүгін жүктелген міндетті абыроймен атқарғандары үшін облыс әкімнің алғыс хатымен марапатталып жатыр. Бұдан бөлек 39 сарбаздың барлығына да ақшалай сыйақы берілді.

***

Қоғамдық тәртіпті қадағалайды, бұзақыларды ұстайды, қылмыскерлерге қарсы тұрады. Өздерінің басын қатерге тігіп, өзгенің өмірін құтқарады. Міне – бейбіт күннің батырлары. Арамызда олар. Батыл, қарапайым ер азаматтардың бірімен танысып қойыңыздар – аға лейтенат Азат Зейнолов. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын ол 2014-те бастапты. Содан бері талай қылмыстың бетін ашып, талай адамды ажалдан аман алып қалған.

Мына кадрлар 2019-дың тамызында жасалған. Мамандарға гараждың ашық тұрған туралы хабар түсіпті. Патрульдік полиция қызметкерлері оқиға орнына жеткенде, нысанның ішіндегі жерқоймадан бензолдың иісін сезген.

Азат Зейнолов – Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы:

– Нысанның жер төлесінде екі адам ес-түссіз жатты. Уланып қалған. Әріптесім екеуміз оларды құтқаруға әрекет жасадық. Гараждың ішінен маска тауып, қолыма арқан алып ішіне түстім.

Естерінен танып қалған әкесі мен баласы жерқойманы сырлап жатқанда, сырдың иісіне уланып қалыпты. Абырой болғанда, тәртіп сақшылар уақытылы жетті. Әр секундты босқа жібермей, олар қауіпті құтқару операциясын сәтті аяқтады. Біз бұны нағыз ерлік десек, Азат Зейнолов «бар болғаны менің қызметім» дейді. Бірақ, полицей болу-жұмыс қана емес, өмірдің салты. Мамандар тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн – қоғам тәртібін күзетеді.

Азат Зейнолов – Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы:

– Отбасыммен қыдырып жүргенде, көшеде келе жатқанда кішігірім құқықбұзушылықтарды көрсек, адамдармен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Ескертуімізде елемесе, жақын жердегі патрульді шақырамыз.

Адамдарды құтқарып, қылмыскерлерді құрықтау ісін – өмірлік ұстанымы еткен жандардың бірі Бауыржан Жаров. Патрульдік полиция батальонының аға инспекторы ішкі істер саласында – осымен алтыншы жыл. Әріптесімен ол браконьерді де қуған, баукеспелерді ұстап, қанішерлердің ізіне түскен. Отқа оранған үйдің тұрғындарын шығарып, батып бара жатқан адамдарды ажалдан аман алып қалған.

Бауыржан Жаров – Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы:

– Қызметіміз қатерге толы, әрине, бірақ бұл шаруаны да біреу атқаруы керек қой.Қауіпті шақыртуларға барғанда кейде бойыңды қорқыныш билейді. Бірақ, ұзаққа емес. Себебі, бұл сезім сенің жұмысыңа еш кедергі жасамауы тиіс. Қорқып, бұғып қалатын уақыт жоқ. Сондықтан, бар ойымыз – дұрыс әрекет етіп, адам өмірін құтқару.

Бірер күн бұрын бұл қағида тағы іске асты. Полиция қызметкерлері өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматты ажалдан аман алып қалды.

Бауыржан Жаров – Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы:

– Мамырдың 3-і Пушкин мен Сүтішев көшелерінің қиылысында болған едік. Бір кезде Заречный көпірінен адам секіргелі тұр деген хабар түсті. Бірден осы жерге жеттік. Келсек 52 жастағы қала тұрғыны қоршаудың арғы бетіне шығып кетіпті. Оны аяғынан тағы бір ер адам ұстап отыр. Біз іске кірістік.

Бұл оқиғаның да соңы жақсы аяқталды. 52 жастағы қала тұрғыны полиция бөлімшесіне жеткізіліп, кейін туған-туыстарына тапсырылды. Ал, Бауыржан Жаров пен Азат Зейнолов қоғамдық тәртіпті күзетуге қайта оралды. Кез келген адамға көмекке келуге даяр, барлық оқыс жағдайларға дайын мұндай Қаһармандар барда, ел үшін алаңдамауға болады.

***
1941 жылдың 22 маусымы – фашистік Германия еш жарияламастан Кеңес Одағының шекарасына басып кірді. Суық хабар бірден жер-жерге тарап, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін үрей бойлады. Атам заманнан батырдың бірінші серігі – астындағы аты, екіншісі қару боп саналғандықтан, қаншама азамат еш ойланбастан қан майданға аттанды. Сұрапыл соғыстың алғашқы кезеңіндегі кеңес әскерінің басты қаруларының бірі Мосин винтовкасы болыпты. Ол 1891 жылы шығарылған. 1-ші және 2-ші дүниежүзілік соғыстарда қолданылған екен. Дегенмен, уақыт өте жауынгерлердің ыңғайына сәйкес қару-жарақтың түрлері де біршама жақсара түсіпті.

Вера Андреева – облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

– Шпагин пистолет-пулеметі 1941 жылы тарала бастаған. Мықты жақтарын айтар болсақ, қару қорабына 72 оқ сыйған, өте берік. Өндіруде де оңай әрі арзан болыпты.

Шпагин пистолет-пулеметі жауынгелер арасында “папаша” деген атауға ие болған екен. Дегенмен, қарудың бір кемшілі – салмағының ауыр болуында. Тіпті, 5 келі тартқан. Сол себепті, оны ұрыста қолдану жауынгерлер үшін айтарлықтай қиынға түскен. Ал 43-ші жылы әлдеқайда жеңіл Судаев пистолет-пулеметі шығарыла бастайды.

Вера Андреева – облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері: 

– Судаев пистолет-пулеметінің салмағы 3 жарым келіні құрады. Алексей Судаев ұсынған үлгі сарбаздар арасында жоғары сұранысқа ие болып, үздік қару атанған. Оның жарты миллионға жуық данасы шығарылған.

Бүгінде Ұлы Отан соғысында қолданылған қару-жарақтардың 30-дан астам түрі облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұр.