Халық тарих толқынында

“Жеңіс жолы” жобасы көрерменге жол тартады

Муниципалды телеарна 9-шы Мамыр мерекесіне арнап “Жеңіс жолы” атты тың жоба әзірледі. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен және “PR-content” агенттігімен бірлесіп жүзеге асырылған бастамада майдангерлердің естеліктері жіпке тізіледі. Нақтырақ айтсақ, актерлер Отан үшін жан аямаған ардагерлеріміздің бастан кешірген оқиғаларын баяндайды.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері Айбол Қасым Сұлтан Мұхамеджановтің естеліктерді оқыды. Батыр жерлесіміз соғыс кезінде талай рет өліммен бетпе-бет келсе де өмірге деген құштарлығы, Отанға деген махаббатының арқасында аман қалыпты. Ол ұрыста 4 мәрте оққа ұшып, ажал аузынан сытылып шыққан.

Айбол Қасым – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Актер болған соң әр оқыған дүниені сезініп, оны халыққа айта білу керек. Оның өзің сезінбесең, басқаға да жеткізе алмайсың. Қолымнан келгенше тырыстым.

Шегінерге жол жоқ! Артымызда туған жер! Жауынгерлер тек жеңісті көздеді. Отан алдындағы борышқа адалдығы оларды мақсатына жеткізді. Қан майданда ел үшін жан алысып, жан беріскен сарбаздар жайлы Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актерлері да баян етті.

Ұжымның жас актрисасы Валентина Гронская өңірдің батыр қызы Елена Макарованың оқиғаларын оқыды. Нәзікжанды енді ғана мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы жатқанда қаһарлы соғыс басталады. Сол кезде жерлесіміз алға қойған мақсаттарынан бас тартып, ерлермен бірдей қолына суық қару ұстайды. Осылайша, ол да ұрысқа аттанады.

Валентина Гронская – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Ұрыс басталған кезде қыздар да Отан үшін жан аямады. Елена Макарова жайлы оқи отырып көзіме тоқтаусыз жас келді. Сол кездегі арулардың қайсарлығына тәнті болдым.

“Жеңіс жолы”. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай әзірленген жобаға С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының 3 актері қатысты. Тағы, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының 3 әртісі атсалысқан.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Ұлы Отан соғысында фашистерге қарсы шайқасқан батыр ата-бабаларымыз, аналарымызды естен шығармау – әрқайсысымыздың асыл парызымыз. Ардагерлермен қатар, тыл еңбеккерлеріне де бейбіт өмір үшін басымызды иіп алғысымызды айтамыз.

Айта кетейік, “Жеңіс жолы” жобасы 2 тілде жүзеге асырылды. Бейнероликтердің жалпы саны – 6-ау. Олар арна эфирінде мамырдың 8-і мен 10-ы аралығында көрсетіледі.

Маржан Касымбек