Құқық қорғау органдары

Жүк көлігі Заречныйдағы көпірдің бөренесін қиратты

Петропавлда жүк көлігінің жүргізушісі Заречный кентіндегі көпірдің көлденең балкасын қиратып, апаттық жағдай тудырды. Оқиға дүйсенбі күні күндізгі сағат үштерде орын алды. Шамадан тыс биік машинаны тізгіндеген азамат алаңғасарлық танытып, тыйым салатын жол белгісіне назар аудармаса керек.

Заречныйдағы көпірдің құрылымы күрделі. Көлденеңнен бірнеше темір бөренелер орнатылған. Оларды қиратпас үшін биіктігі 4 метрден асатын жүк көліктеріне жүруге рұқсат жоқ. Бұл тыйым арнайы жол белгісінде де көрсетілген. Бірақ, 35 жастағы жүргізуші оған назар аудармаса керек. Ол тізгіндеген көліктің биіктігі 5 метрден асып жығылған. Сондықтан, машина манағы бөренелердің біріне соғылып, тас-талқанын шығарды.

Сынып, салбырап тұрған мына темірлер көп көліктің біріне құласа, арты қайғылы аяқталар еді. Сондықтан, полицейлер көпір бойынша қозғалысты тоқтатып тастаған. Бөрене алынғаннан кейін нысан қайта ашылды. Жауапсыз жүргізушіге қатысты хаттама толтырылды. Ол енді 139 мың теңгенің айыппұлын төлейді. Ал қиратылған дүниені кім қалыпқа келтіреді?

Жолдыбай Тентеков – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ директоры:

– Шығынды жүргізуші жұмыс істеген компания өтеуі тиіс. Өйткені, жолға шықпас бұрын жүк көлігі транспорттық бақылау инспекциясынан рұқсат қағазын алуы керек болатын. Бірақ, құжат болмай шықты.

Енді тасымалдаушы компанияға бірер миллион теңгеге шығындалуға тура келеді. Нақты сома әзірге белгісіз, анықталып жатыр. Ал көпріді жөндеу жұмыстары жуық арада басталады.

Жолдыбай Тентеков – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ директоры:

– Мердігер табылды. Сынған бөренені қалыпқа келтіру шаруасы кем дегенде бір аптаға созылады деп жоспарлап отырмыз.

Сондықтан, жуық арада көпір қайта жабылуы мүмкін. Сонда жүргізушілерге уақытша қалаға басқа жолмен кіруге тура келетін болады. Ал әзірге нысан бойынша қатынау шектелмеген. Мамандардың сөзінше қираған балка көпірдің қауіпсіздігіне еш әсер етпейді. 

Саят Ермек