Қоғам

Петропавл әуежайының жұмысы қайта жанданды

Жергілікті әуежайдың жұмысы қайта жанданды. Петропавлдан  Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына дейін жолаушы тасымалы ертеңнен бастап жүзеге асырылады. 2 шаһарға да әуе кемелері аптасына 2 рет қатынайтын болады. Ал авиабилеттерді тұрғындар тек онлайн-кассалар арқылы ғана сатып ала алады.

Карантиннің күшейтілген режимі Петропавл әуежайының да жұмысын тұралатты.
Әдетте жолаушыларға толы аэропорттың іші тым-тырыс. Наурыз айының соңынан бастап мұнда бірде-бір рейс ұшпаған. Жуырда облыстың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес әуе қатынасы қайта жанданды.

Марат Хасенов – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ директоры:

– Аэропорт бүкіл қойылған талаптарға сәйкес келеді. Жолаушылардың қауіпсіздігіне байланысты нысанның ішінде біршама шаралар қолға алынды.

Сонымен, әуежайда қалыпты жағдайдағы жұмыс ерттеңнен басталады. Яғни, Петропавлдан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына рейстер ашық. Дегенмен, аэропорттың ішінде күшейтілген санитарлық талаптар бекітілген. Мәселен, жолаушылардың арасындағы ара қашықтық 1 метрден кем болмауы тиіс. Адамдардың барлығы медициналық маска мен қолғап киюлері қажет. Және күтіп алатын немесе шығарып салатын жандар нысанның ішіне мүлдем кіргізілмейді. Сондай-ақ, билетті сатып алмас бұрын адамдар міндетті түрде коронавирус инфекциясына ПТР-тесті тапсырулары тиіс.

Марат Хасенов – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ директоры:

– Әр жолаушының қолында анықтама болуы тиіс. Ол құжатсыз ешкім ұша алмайды. Билетіңіз болып тұрсада. Авиабилеттердің бағалары сол қалпында қалды.

Жолаушылар тасымалын «QAZAQ AIR» мен “Скат” әуе компаниялары жүргізеді. 2 қалаға әуе кемелері аптасына 2 рет қатынайтын болады. Айта кетейік, авиабилеттер тек онлайн-кассалар арқылы сатылуда. Әуежай мен қаладағы кассалар, әзірге, жұмыс істемейді.

Дана Ешкенова