Халық тарих толқынында

ҰОС жылдарындағы қару-жарақтар

Өткеннен сыр шертетін винтовка, тапанша, пулеметтер! Осы күні облыстық тарихи-өлкетану музейінде соғысы жылдары қызыл армия сарбаздары қолданған қару-жарақтар сақтаулы тұр. Бүгін 30-дан астам тарихи жәдігермен әріптестерім арнайы барып танысып қайтты.

1941 жылдың 22 маусымы – фашистік Германия еш жарияламастан Кеңес Одағының шекарасына басып кірді. Суық хабар бірден жер-жерге тарап, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін үрей бойлады. Атам заманнан батырдың бірінші серігі – астындағы аты, екіншісі қару боп саналғандықтан, қаншама азамат еш ойланбастан қан майданға аттанды. Сұрапыл соғыстың алғашқы кезеңіндегі кеңес әскерінің басты қаруларының бірі Мосин винтовкасы болыпты. Ол 1891 жылы шығарылған. 1-ші және 2-ші дүниежүзілік соғыстарда қолданылған екен. Дегенмен, уақыт өте жауынгерлердің ыңғайына сәйкес қару-жарақтың түрлері де біршама жақсара түсіпті.

Вера Андреева – облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

– Шпагин пистолет-пулеметі 1941 жылы тарала бастаған. Мықты жақтарын айтар болсақ, қару қорабына 72 оқ сыйған, өте берік. Өндіруде де оңай әрі арзан болыпты.

Шпагин пистолет-пулеметі жауынгелер арасында “папаша” деген атауға ие болған екен. Дегенмен, қарудың бір кемшілі – салмағының ауыр болуында. Тіпті, 5 келі тартқан. Сол себепті, оны ұрыста қолдану жауынгерлер үшін айтарлықтай қиынға түскен. Ал 43-ші жылы әлдеқайда жеңіл Судаев пистолет-пулеметі шығарыла бастайды.

Вера Андреева – облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

– Судаев пистолет-пулеметінің салмағы 3 жарым келіні құрады. Алексей Судаев ұсынған үлгі сарбаздар арасында жоғары сұранысқа ие болып, үздік қару атанған. Оның жарты миллионға жуық данасы шығарылған.

Бүгінде Ұлы Отан соғысында қолданылған қару-жарақтардың 30-дан астам түрі облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұр.

Маржан Қасымбек