МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдік отырысы өтті

Құрылыс және жөндеу жұмыстарына 90 пайыз қазақстандық материалдарды қолдану қажет. Әсіресе, басымдықты жергілікті кәсіпорындардың өнімдеріне берген абзал. Бұл туралы облыстық әкімдіктің отырысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов айтты. Жиында мердігерлерге қойылатын талаптар сөз болды. Олардың уақытылы орындалуын апта сайын белсенді азаматтардан тұратын мониторингтік топ қадағаламақ.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысы үлкен құрылыс алаңына айналады. 377 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Аталған мақсатқа аймақ бюджетінен 32 млрд теңге қарастырылған. Меже ойдағыдай орындалса 6,5 мың адам еңбекке тартылмақ. Бүгінде 63 жобаның байқауы өтіп, мердігерлер анықталды. Енді компаниялар іске кірісуге әзірленуде. Бұл ретте оларға бірқатар талап қойылады. Құрылысшылар жұмысты қашан бастап, қашан аяқтайтыны туралы нақты кесте құрулары тиіс. Егер шаруа жоспарға сай жүзеге асырылмаса, екі арадағы келісім шарт бұзылады.

Асқар Сақыпкереев – облыс әкімінің орынбасары:

– Сондай-ақ, құрылысқа тартылатын азаматтардың кем дегенде 50 пайызы жұмыспен қамту орталығы арқылы алынуы тиіс. Қазір біз екі қолға бір күрекпен қамтылмаған жастарға басымдық берудеміз. Оларға мердігерлер тарапынан төленетін жалақының көлемі 85 мың теңгеден аз болмауы керек.

Жоба қай ауданда жүзеге асырылады – сол өлкенің жұмыссыз азаматтары шаруаға тартылуы тиіс. Басты талаптардың бірі – осы. Бұл әрі мердігердің өзіне тиімді. Егер мамандарды сырт жақтан шақыртатын болса, онда қызметкерге 85 мың теңге көлеміндегі бір реттік көтермеақы төлеуге міндеттеледі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрылысқа 90 пайыз қазақстандық материалдарды қолдану керек. Бірақ, мен басымдықты жергілікті компанияларға беремін. Бізде, әзірге, қиыршық тас пен кірпіштің жоқтығы белгілі. Алайда, өзге тауарларды табуға болады ғой. Бұл ретте құрылыс материалдарының өндірісімен айналысатын кәсіпорындарға үлкен мүмкіндік туып тұр. Оны өткізіп алмау қажет. Қазір өнімдердің аталымын кеңейтіп, сұранысы жоғары дүниелерді шығаруды қолға алулары тиіс.

Бірақ, мүмкіндікті дұрыс пайдаланған абзал. Бағаны жөнсіз шарықтататындар кездессе, тиісті шара қолданамыз дейді өңір жетекшісі. Кәсіпорындардың жұмысы мониторингтік топтардың қадағалауына алынады. Дәл осындай бақылау құрылыс жұмыстарына кіріскен мердігерлерге де ұйымдастырылмақ. Тексеріс апта сайын жүргізіледі. Тапсырыс берушілермен, яғни атқарушы билік өкілдерімен қойылған талаптардың бірі уақытылы орындалмаса, келісім шарт өз күшін жояды.

Эльмира Садвокасова