COVID-19: Қазақстан

Өңірде карантин қағидалары жеңілдетілді

Өңірде соңғы үш апта бойы коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ. Қазір облыста 1 айға жалғасқан карантин қағидалары жеңілдетіліп жатыр. Дегенмен, аталған індетті жұқтыру қаупі жоғары топқа кіретін жандар жаппай скринингіден өткізілуде. Бүгінге дейін 8 мыңнан астам жерлесімізден тиісті сынама алынған.

Наурыз айының соңында өңірде қатаңдатылған карантин режимі енгізілген болатын. Сол кезде кәсіпорындар, қызмет көрсету орталықтары, тіпті, қоғамдық көліктер өз қызметтерін тоқтатты. Бұның барлығы – халықтың қауіпсіздігі үшін қолға алынған шаралар. Осылайша карантин режимі оң нәтижесін берді. Аймақта жағдай тұрақталып, коронавирус инфекциясын жұқтырған жандар емделіп шығуда.

Арман Күшбасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Өңірдегі жағдай тұрақталды. Жалпы, бізде қауіпті індетті 30 адам жұқтырған болатын. Бүгінге дейін оның 27-сі емделіп шықты. Бір адам – көкшетаулық. Ол науқас та сауығып кетті. Қазір жұқпалы аурулар бөлімшесінде тек 2 кісі ғана ем қабылдап жатыр. Олар да жақында үйлеріне жіберіледі.

Сонымен, үшінші апта өңірде қауіпті індетті жұқтыру бойынша бірде-бір науқас тіркелген жоқ. Сондықтан, карантин режимі жеңілдетілуде. Яғни бірқатар кәсіпорындардың жұмысы жанданды. Адвокаттың кеңселер, көлік жуу, шиномонтаж және құрылыс материалдарын саудалайтын ісі нысандар ашылды. Азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақыты ұзартылды. Және сұлулық салондары мен стоматологиялық орталықтар да қызметін жалғастыруда. Бірақ, оларға жеке талаптар қойылып отыр.

Арман Күшбасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Әзірге, сұлулық салондарында шаш қиюдан басқа өзге қызмет түрін көрсетуге болмайды. Адамдар алдын ала жазылу бойынша қабылданады. Соңғы аталған талап стоматологиялық орталықтарға да қатысты. Әр клиенттен кейін дезинфекциялау шараларын жүргізу керек.

Тағы, аэропорт жұмысы да жанданды. Ұшақтар Петропавлдан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына қатынап жүр. Бұл ретте күшейтілген санитарлық талаптар бекітілген. Салонда жолаушылардың саны аз болу қажет және бір-бірінен белгілі бір қашықтықты сақтай отыра орналастырылуы қажет. Сондай-ақ, билетті сатып алмас бұрын адамдар коронавирус инфекциясына ПТР тесті тапсырулары тиіс. Мұндай сынаманы “Олимп” медициналық орталығында жасатуға болады. Анықтама 7 күнге жарамды.

Айта кетейік, вирусты жұқтыру қаупі жоғары топқа кіретін жандар аталған тестіні тегін тапсыра алады. Қазіргі жаппай скрининг жүріп жатыр. Тәуекел тобына жататын 37 мың жерлесіміздің 8 мыңнан астамы тиісті тексеруден өткен. 

Ешкенова Дана