МТРА жаңалықтары

Өңірде ашық бюджеттердің интерактивті картасы жұмыс істейді

Білім беру саласын дамытуға жыл сайын миллиондап қаржы бөлінеді. Бірақ, оның кей бөлігі жемқорлардың кесірінен белгіленген мақсатта дұрыс жұмсалмай жатады. Қолының қыспасы барлар мемлекет қаражатын заңсыз қалтаға басып, ел дамуының негізгі тірегі – білім саласын артқа тартуда дейді мамандар. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің өкілдері  аудандық білім бөлімдерінің қызметкерлерімен бірге өткізген онлайн жиында сөз болды.

Былтыр аймағымызда бірқатар бармақ басты көз қыстылық фактісі әшкереленді. Қылмыстық іс Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің директоры мен фармацевт маманға қатысты қаралған болатын. Олар қалалық төтенше жағдай басқармасының аға инженеріне ауызбастырық ретінде 50 мың теңге берген. Ал тағы бір оқытушы абитуриенттен 20 мың теңге көлемінде пара алып, оқуға түсіремін деп сендірген. Ал биыл өңірдің білім беру саласында ешқандай жемқорлық фактісі тіркелмеген екен. Жиын барысында мамандар ашық бюджеттердің интерактивті картасын толтыру жұмысы жайлы мәселе қозғады. Бұл карта мемлекет қаражатының дұрыс игерілуін қадағалау үшін іске қосылған болатын. Нақтырақ айтсақ, картада облыстық бюджеттен бөлінген қаржының барлығы жазулы тұруы тиіс. Ол арқылы кез келген тұрғын сайтқа кіріп, мемлекеттік қаржының қалай жұмсалып жатқандығын көре алады. Қазіргі күні жергілікті органдар тарапынан оны толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол себепті, білім басқармасының мамандары аудандарда мониторинг жасаған.

Осыған орай Тайынша, Айыртау және Есіл аудандарына қатысты ескерту жасалды. Аталған аумақ мамандары картаны тиісті үлгіге сай толтырмаған.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының жетекшісі:

– Мониторинг барысында бірқатар қателіктер байқалды. Мамандар бюджеттің атауы мен бөлінген соманы қате толтырған. Оларға тиісті нұсқаулықтар айтылды. Бұл картада облыстың бюджеті ашық қаралымда болады. Аталған жүйе арқылы жерлестеріміз мемлекет қаржысының қалай жұмсалып жатқандығын бақылай алады. 

Бердимурат Баймухан