Халық тарих толқынында

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Ерлік ешқашан ұмытылмайды! Мереке қарсаңында ардагерлердің ұрпақтары өз батырларын еске алып, ерліктерін әңгіме етуде. Жергілікті Құлыбековтар жанұясы соғысқа қатысқан аталары Қабдрашит Құлыбековтің бастан өткерген оқиғаларын жіпке тізді.

Қабдрашит Құлыбеков 1939 жылы Қызыл әскер қатарына алынып, соғыс басталысымен артиллерия полкінде байланысшы болып қызмет атқарады. Бұл кезде жерлесіміз небәрі 23 жаста болған екен. Осылайша азамат жалындаған жастық шағын қан майданның ортасында өткізеді. Қабдрашит Теңгербекұлы Ленинград шайқасына да қатысады. 46-шы жылы отбасына аман-есен оралған. Майдангер ерлігі үшін “Қызыл жұлдыз” орденімен марапатталып, Сталиннің алғыс хатын алған. Ардагердің немересі Тимур Құлыбеков батыр атасының естеліктерімен бөлісті.

Тимур Құлыбеков – Қабдрашит Құлыбековтің немересі:

– Мен атамның кеудесіндегі жарқ-жұрқ еткен медальдарға қызыға қарайтынмын. Әрқайсысының тарихын құлшына сұрайтынмын. Атам негізі соғыс туралы айтқанды аса қаламайтын еді. Өйткені, жауды жеңу жолы қаншалықты қиынға түскені баршамызға аян.

Тимур Құлыбеков ардагер атасының естеліктерінен бөлек, фотосуреттері мен оның қалта сағатын көзінің қарашығындай сақтап жүр. Атасының ерліктері жайлы өзінің балаларына жиі әңгімелеп отырады. Олар жылда Ұлы Жеңіс күнін әулет мүшелерінің туған жері Есіл ауданындағы Бірлік ауылында атап өтеді екен.

Әлихан Құлыбеков – Қабдрашит Құлыбековтің шөбересі:

– Арғы атамыздың ерлігін әкем кішкентай кезімнен айтып келеді. Мен осындай кісінің ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын. Біз жыл сайын осы уақытта ауылда болатын едік, алайда биыл карантинге байланысты қаладан шыға алмай отырмыз. Дегенмен, Ұлы Жеңіс күнін отбасы ортасында атап өту біз үшін дәстүрге айналған.

Ал бұл – Қабдрашит Құлыбековтің ұрыста жүрген кездегі сағыныш хаттарынан алынған өлең жолдары. Ардагер соғыста 50-ге жуық өлең жазған екен. Алайда, оның басым бөлігі жоғалып кеткен.

Маржан Қасымбек