Халық тарих толқынында

Архив сайтында арнайы электронды база құрылды

“Есімдері мәңгі жадымызда”. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің сайтында осындай атаумен электрондық база құрылды. Әзірге, жүйеге  Ұлы Отан соғысына қатысқан 70 мыңнан аса жерлесіміз туралы мәлімет енгізілген. Мамандар қалған сарбаздар туралы тың деректерді зерттеп-зерделеп, жинақтау үстінде.

Ұлы Отан соғысының аяқталып, Кеңес әскерлерінің фашистерді жермен-жексен еткеніне 75 жыл толады. Тарихи деректерге сүйенсек аламан соғысқа 100 мыңнан аса солтүстікқазақстандық шақыртылыпты. Бірақ, Отан үшін от кешкен мыңдаған жандар жайлы ақпарат әлі күнге дейін беймәлім. Ел қаһармандарына қатысты мағлұматтарды жергілікті архив мамандары іздестіру үстінде. Ұзақ жылдық зерттеу нәтижесін берді. Олар ұрысқа Мамлют ауданынан қатысқан 135 жауынгер туралы құжаттарды тауыпты. Тағы, Уәлиханов ауданынан шақыртылған 187 сарбаздың аты-жөндерін анықтаған.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Солардың ішінде Уәлиханов ауданының тумасы Жұмағұлов Қайырден туралы айтсақ. Ол 1907 жылы Қызылқап ауылында дүниеге келіпті. Соғысқа аттанардан алдын 3 баласы болған. 42 жылы ұрысқа барып, мамырда тұтқынға түскен.

Қайырбек Қасенов – жаңағы аталған Қайырден Жұмағұловтың жерлесі. Азамат мұғалім болып істеп жүрген кездері соғысқа шақырту алған. Мұндағы ескі қағаздарда жерлесіміздің майданда біраз ерлік көрсетіп, жаудың талай солдатын жойғаны туралы жазылыпты. Қайырбек Қасенов қасық қаны қалғанша неміс фашистеріне қарсы тойтарыс берген. Ұрыс аяқталар жылы жау оғынан ажал құшыпты.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Қайырбек Қасенов 42-ші жылы Қызылту военкоматына шақыртылады. Майда Харьков түбінде тұтқынға түскен. Сәуір айына дейін Польшада болады.

Алайда, бұл мағлұматтарды бірі білсе, бірі біле бермейді. Осы орайда архив мамандары өздерінің сайттарында «Есімдері мәңгі жадымызда» электрондық базасын құрған. Бұл жүйе арқылы соғысқа қатысқан жандар жайлы кеңірек мәлімет білуге болады.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Бұл жұмыс осыдан 5 жыл бұрын басталған болатын. Ол кезеңде біз Қорғаныс департаментінен бүкіл аудандардағы құжаттарды жинақтадық. Базада 70 мыңнан аса адамның есімі жазылған.

Арнайы электрондық база сәуірдің 20-сы күні іске қосылған болатын. Айта кеткен жөн, тұрғындар соғысқа қатысқан туған-туыстарының аты-жөнін тізімге қосу үшін жергілікті архив мамандарына хабарласулары керек. 

Маржан Касымбек