Халық тарих толқынында

314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерлігі

314-ші атқыштар дивизиясының / Ленинград қаласын / жау блокадасынан босатуға қосқан үлесі орасан зор. Соғыс жылдары стратегиялық маңызды шаһарды қорғауға Солтүстік Қазақстан облысынан 10 мыңнан астам жауынгер аттанған болатын. Шал ақын ауданының тумасы, артиллерист-мерген Әбілмәжін Бәшіров те осы дивизия құрамында болып, жауға тойтарыс берген батырлардың бірі. 

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– 314-ші атқыштар дивизиясы 41-жылдың шілде айында Петропавл қаласында құрылды. Оның штабы шаһардың Черемушки ауданы мен мектептерінде орналасты. Кейін, жігіттіктің ауылына енді аяқ басқан бозбалалар мына біз тұрған Пестрое көлінің маңында әскери дайындықтан өтіп, Ленинград қаласын қорғауға аттаныпты.

Сапқа тұрған 10 мыңнан астам жауынгердің 70 пайыздан астамы -солтүстікқазақстандықтар. Бұрын-соңды қолына қару ұстап көрмеген сарбаздар 1-ақ айдың ішінде дайындықтан өтіп, майдан даласына жөнелтіледі.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Қыркүйектің басында Свирь өзенінің бойында алғашқы ұрысқа кіріседі. Олар өте жақсы қаруланған фашистерге төтеп бере отырып, жаудың баса-көктеп кіруін тоқттатты.

41-ші жылдың күзінде майдангерлер тағы бір ерен ерлік көресетті. Солдаттар Ленинград облысының Ново-Сегеш ауданында жауға қарсы жойқын соққы жасады. 5 күнге созылған қиян-кескі ұрыстың нәтижесінде 1074 пен 1076-шы атқыштар полктерінің сарбаздары мыңнан астам фашистің көзін жояды. Сол кезде қаланы жаудан азат етуге орасан үлес қосқан жерлесіміз Әбілмәжін Бәшіровтың да ерлігін айта кетпесек болмайды. Бұл бейнежазба осыдан шамамен 20 жыл бұрын түсірілген. Ардагер қазір арамызда жоқ. Әкесі туралы естеліктерді бізге оның үлкен ұлы Жүсіп Бәшіров айтып берді.

Жүсіп Бәшіров – Әбілмәжін Бәшіровтың ұлы:

– Әбілмәжін Сәдуақасұлы – Шал ақын ауданының тумасы. 20 жасында әскерге шақыртылған. Әскерден келген соң, 3-4 ай үйде болып, соғысқа аттанады.

Әбілмәжін Бәшіров 24 жасында қатарға шақыртылған бетте бірден артиллериялық полктің құрамына кіруді сұраған. Өйткені, әскерде атқыш болған екен. Соғыста майдангер есептеумен айналысып, кейін командир атағын алады. Жерлесіміз майданда 1074-ші атқыштар полкінің минометшілер ротасында талай көзге түседі. Өз кезінде нағыз мерген болған дейді ұлы. Оның жасаған өлшемдері тура келіп, атқан снаряды ешқашан нысанадан мүлт кетпеген екен.

Жүсіп Бәшіров – Әбілмәжін Бәшіровтың ұлы:

– Оның есептеген өлшемдері әрдайым дәл келіп отырған. Сол себепті, қасындағылар алғашқы оқты атуды оған сеніп тапсырған екен.

314-атқыштар дивизиясындағы жауынгерлер Ленинградты жау құрсауынан босату үшін қасық қандары қалғанша соғысты. Қатардан қанша жан мерт болса да майдангерлер стратегиялық маңызды аумақты сақтап қалды.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– 42-ші жылдың жазы өте қиын болатын. Осы уақытта 350 км жер жүріп 314-атқыштар дивизиясы жаудың бір бүйірінен соққы беріп, нәтижесінде қоршауды бұзып шықты.

Ленинградтың блокада құрсауынан босағанына биыл 76 жыл. Жауынгерлер қаланы 900 күн бойы қорғады. Отан үшін от кешкен жерлестеріміздің біразы майдан даласында қаза тапты. Ал кейбірі із-түссіз жоғалып кетті. Ұрыс болған жерде әлі күнге дейін қазба жұмыстары жүргізіліп, хабар-ошарсыз кеткен адамдардың есімдері аталып жатыр.

Бердімұрат Баймұқан