Су тасқыны

Тасқын су саябырсуда

Өлкеде көктемгі тасқын саябырсуда. Петропавл маңында да, Сергеевкадағы қоймада да судың деңгейі төмендеп жатыр. Құтқарушылар тілсіз жау биыл бірде-бір аула, бірде-бір тұрғын үйге кірмеді дейді. Дегенмен, тасқынның екінші толқыны көрші Ақмоладан облыс аумағына жетіп үлгерген.

Саят Ермек – тілші:

– Петропавл маңындағы Тепличное кентіне осыдан шамамен бір апта бұрын арнасынан асқан Есіл суы қауіп төндірген еді. Оны елді мекенге кіргізбес үшін ертерек балшықтан бөгет жасалған еді. Алайда, тасқынның шарықтау шегінде мұндағы су деңгейі 165 сантиметрге дейін көтерілген. Сондықтан, құтқарушылар мен тұрғындар манағы бөгетті балшық толы қаптармен нығайтып, бекітіп отырды. Нәтижесінде су бірнеше саяжай учаскелерін басқанымен, бір де бір тұрғын үйге кірген жоқ.

Көктемді қорқа күттік дейді Елена Семигулина. Тепличное тұрғындары 2017 жылғы сценарий қайталана ма деп үрейленген. Осыдан үш жыл бұрын су саяжайлар былай тұрсын, жер үйлерді аяусыз басқан еді.

Елена Семигулина – Тепличное кентінің тұрғыны:

– 2017 жылы неге су астында қалдық? Менің ойымша, бір-екі-ақ камаз балшықтан жасалған бөгет тасқынға шыдас бермеді. Ал биыл ертерек қамданып, жұмыстар сапалы жүргізілді. Құтқарушылар күні-түні кезекшілік құрып, қажет болғанда бөгетті нығайтып отырды. Сарбаздар мен тұрғындар да көмектесті. Бәріне алғысым шексіз.

Қазір ауылдың айналасын жайлған тілсіз жау кері шегініп, су деңгейі төмендеп жатыр. Құтқарушылардың сөзіне сенсек, қауіп артта. Ал жағдай толығымен тұрақталғасын зардап шеккен саяжайлардың аумағынан артық су сорылып алынады. Заречныйдағы ахуал да жақсаруда. Көп кешікпей кентпен көлік байланысы жандануы тиіс. Ал көптің көкейіндегі екінші толқынның жайы не болып жатыр? Ақмола облысынан бет алған тасқын өңір аумағына кіріпті. Бірақ, мамандар ол терсікей үшін қауіпті емес деп отыр.

Серік Наурызбаев – СҚО ТЖД басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– Екінші толқын қазір Покровка ауылының маңында. Бұл учаскеде деңгей небәрі 5 см-ге көтерілген. Ол Петропавлға жеткенге дейін қаладағы артық су Есіл арнасымен Түмен облысына қарай ағып кетеді. Сондықтан, өзен шамадан тыс тасымауы тиіс.

Иә, Петропавл гидроторабындағы су деңгейі соңғы бір аптаның ішінде шамамен 40 сантиметрге төмендеген. Сол себепті, манағы екінші толқын аса бір ыңғайсыздық тудырмайды, тек Есілге жақын орналасқан аумақтарға ғана болмаса. ол жердің иелеріне енді шыдай тұрудан басқа амал жоқ. Оптимистік болжамдарға қарамастан, өңірлік төтенше жағдайлар департаменті тақымды босатпақ емес. Тасқынға қарсы штаб баяғы режимде жұмыс жасап жатыр. Мамандар су деңгейін тәлуік бойы бақылауда. 

Саят Ермек