Ауа райы

Мамыр айына арналған ауа райы болжамы

Хабарымыздың соңында мамыр айына арналған ауа райы болжамына тоқтала кетейік. Алдағы мереке күндері өңірде сынап бағанасы +30 градусқа дейін көтерілмек. Ал екінші онкүндікте облыстың кейбір аумақтарында түнде суытуы мүмкін.

Көзді ашып-жұмғанша көктемнің соңғы айы да келіп қалды. Әдетте, мамыр – дала құлпырып, мал өріске шығатын уақыт. Ал тұрғындар болса қыстың қамына кірісіп, жер жыртып, егістік жұмыстарын бастайды. Тұрғындардың осы айға құрған жоспарлары ауқымды. Бірі карантин аяқталып, күн жылыса отбасымен табиғат аясына демалуды қаласа, енді бірі саяжайдағы жұмыстарын тындырмақ.

– Мамыр айында ауа райы жылы болады деп ойлаймын. Төтенше жағдай аяқталысымен саяжай жиі баратын боламын. Бақшамда тындыратын іс жетерлік.

– Карантин деп үйде отырып, жалыға бастадық. Күн жылыса отбасыммен таза ауада серуендейміз.

Синоптиктердің сөзіне сенсек, жалпы мамыр айы жылы болмақ. Әсіресе, алдағы мереке күндері ауа температурасы, тіпті, +30 градусқа дейін жетеді екен.

Гүлзат Ғазизова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

 – Екінші онкүндіктің бірінші жартысында ауаның температурасы түнде +5 жылыдан +10 жылыға, күндіз +14 жылыдан +25 жылыға дейін жоғарлайды.

Айдың соңында өңірде жылы ауа температурасы сақталмақ. Жауын-шашынның мөлшері айлық нормадан аспайды. Ал желдің екпіні әдеттегідей түрліше құбылады. Негізінен, қарқыны секундына 15-20 м шамасында болмақ.

Актолкын Солтанханкызы