Ауыл шаруашылығы

Шаруаларға 19,6 млрд теңге жеңілдетілген несие ретінде берілді

Облыста көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінде агроқұрылымдардың бір бөлігі ылғал жапса, екінші жартысы дән сіңіруде. Қиын-қыстау кезеңде жауапты істі ойдағыдай тындыру үшін Президент тапсырмасына сай шаруаларға жеңілдетілген несие де берілуде. Бүгінге дейін өлкемізде жалпы құны 19 млрд теңгеден асатын 502 өтініш мақұлданыпты.

Биылғы көктемде шаруалардың жүктемесі 2 есеге артты. Іскер жандар қиын-қыстау кезеңде өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындауы тиіс. Диқандарымыз орындап та жатыр. Бұл істеріне жақында ғана жарияланған мәлімдемесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қиындыққа қарамастан жұмыс істеуде. Шаруалардың еңбегіне дән ризамыз. Көктемгі егіс науқаны мәселелері шешімін тапты. Бұл жұмысқа ешқандай кедергі болмауы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне және әкімдерге осындай міндет жүктеледі. Осы науқанға және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалады.

Иа, биыл шаруаларға мемлекет тарапынан зор қолдау танытылып жатыр. Кезекті мәлімдемесіне дейін Президент Үкіметке елдегі төтенше жағдайға байланысты іскер жандарға көмек көрсетуді жүктегені мәлім. Мұндай жәрдемнің бірі – жеңілдетілген несие. Жылдық үстемеақысы 5-6 пайызды құрайтын займға агроөнеркәсіп кешені өкілдері “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша қол жеткізе алады.

Қуандық Шақубаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл Президент пәрменіне сай көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекеттен 170 млрд теңге бөлінді. Қомақты ақша жеңілдетілген несие ретінде беріледі. Оны қаржы институттарынан алуға болады. Бүгінге дейін солтүстікқазақстандықтардан жолданған 502 өтініш мақұлданды. Олардың жалпы құны 19,6 млрд теңгені құрайды.

Көл-көсір әрі сапалы өнім алу үшін минералды тыңайтқыш аса қажет. Биыл облысымызға мұндай 130 мың тонна дүние керек. Оның 90 мыңы жөнінде зауыттармен келісім-шарт жасалыпты. Сол бойынша тауардың жартысы аймақтағы агроқұрылымдарға жеткізілген де екен.

Қуандық Шақубаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Тұқыммен толық көлемде қамтылдық. Яғни, 493 мың тонна сапалы дән агроқұрылымдарға жеткізілді. Көктемгі дала жұмыстарына Атырау мен Павлодар мұнай өңдеу зауыттарынан 68,9 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Сұйықтықтың алғашқы легі облысқа әкелінді. 1 литр дизельдік отынның құны 165 теңгені құрайды.

Шаруаларға бұдан да бөлек жағдай жасалып жатыр. Бүгінде диқандар “Қолдау” порталына өтініш беріп, өлкемізде емін-еркін қатынай алады.

Жалпы, биыл өңірімізде 4 млн 200 мың гектардан аса жерге ырыс дәні сіңірілмек. Өлкемізде көктемгі дала жұмыстары маусым айының басында аяқталады деп жоспарланып отыр.

 

 

 

 

 

 

 

Култанов Байболат