Халық тарих толқынында

Соғыс кезінде өнер майталмандары сарбаздарға қолдау білдірген

Ұлы Отан соғысы кезінде еліміздің өнер майталмандары сарбаздарға концерт берген. Ал ақындар өлеңдерін арнап, қылқалам иелері сурет салған.

41-ші жылы Ұлы Отан соғысы басталып, қолына қару ұстай білген ерлердің барлығы ұрысқа аттандырылды. Сарбаздар күн-түн демей, соңғы демдері қалғанша неміс басқыншыларына қарсы шайқасты. Сол кезде жауынгерлерге рухани күш-қуат беру мақсатында өнерпаздар майдан ортасында концерт өткізген. Мәселен, Роза Бағланова, Жамал Омарова сынды күміс көмей әншілер фронтқа өздері сұранып барып, отан үшін от кешкендерге жалынды әндерімен қолдау көрсетіп, жігер берген. Ал Күләш Байсейітова болса 100-ден астам жерде ән айтқан.

Әнші, бишілерден бөлек, соғысқа ақындар да барып, сарбаздарға өздерінің туған жер, Отан тақырыбындағы туындыларын айтып беріпті. Ал жазушылар болса ерлердің ерлігі жайлы том-томдап кітап, мақала, эпостар жазған. Жерлесіміз Сәбит Мұқанов сол кезде бірталай шығарманың авторы атанады. Оның «Сырдария», «Тыңда туған байлық», «Мөлдір махаббат» сынды романдары талайдың таңдайын қақтырған. Суретшілер болса сол кездің бейнесін қағаз бетіне түсірген. Бұл жайлы облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары әлеуметтік желіде жүргізген тікелей эфир барысында баяндады.

Гүлнұр Зейнелғабиденова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

– Ең қатал уақытта бомбалар мен оқтардың арасында адамдар рухани өнерден алшақтамай, әртістер мен өнер майталмандары соғыс аймақтарына барып өнер көрсетті. Картина жазды, өлеңдерін оқыды.

Мұндай шараны Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері де қолға алған. Олар күнде онлайн режимде солтүстікқазақстандықтарға ҰОС ардагерлері жайлы ақпар беріп жүр. Тікелей эфирді күндіз сағат 12-де instagram және facebook-тан тамашалауға болады.

 

 

Маржан Касымбек