Ауыл шаруашылығы

Малды көктемгі вакциналау шаралары жүргізілуде

Жергілікті ветеринарлар малға жұқпалы ауруларға қарсы вакциналау шараларын жүргізіп жатыр. Мамандар мамыр айының соңына дейін 1 жарым млн басқа екпе егуді жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 800 млн теңге бөлінген.

Ветеринарлар жоспар бойынша екпе егу жұмыстарын жылына 2 рет жүргізеді: көктемде және күзде. Туберкулез, бруцеллез, қарасан ауруларының алдын алуға облысқа деп осы жолы 800 млн теңге бөлінген. Бұл сомаға 1 жарым млн тұяқты қамтылады. 50 мыңнан астам мал Қызылжар ауданына тиесілі. Қазіргі төтенше жағдай режимінде өңір ветеринарлары қалыпты тәртіпте жұмыс істеп жатыр.
Малды вакциналау шаралары наурыздан бастау алған.

Олжас Болыспаев – СҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

– Әзірге, облыстағы эпизоотикалық жағдай тұрақты. Алдын алу шаралары жоспар бойынша жүргізілуде. Алайда, жұмыс барысында бірқатар мәселелер туындап жатыр. Тұрғындардың кейбіреуі елдегі төтенше жағдайға байланысты ветеринарларды аулаларына кіргізгісі келмейді. Осы орайда жерлестерімізді түсіністік танытуға шақырамыз. Өйткені, жануарларға уақытында епке егілмесе, жұқпалы ауруларға шалдығуы әбден мүмкін.

Элитное селосының тұрғыны Сәбит Мәкенов қолда бар малын вакциналауға жауапкершілікпен қарайды. Сүтін ішіп, одан айран мен май жасап отырғаннан кейін мал да адал болуы тиіс дейді. Ветеринарлар сиыр мен бұзаудан қан алды. Нәтижесі ойдағыдай болса, келіп екпе беріп кетеді.

Сәбит Мәкенов – Элитное селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мал өсіргеннен кейін жауапкершілікпен қарау керек. Жем-шөбі мен суын бергеннен бөлек тиісті тексеру шараларын да уақытында жүргізу қажет. Сонда ғана сапалы өнім аласың.

Өңірде малды вакциналау шаралары мамыр айының соңында аяқталады.

 

 

 

 

Маржан Касымбек