Халық тарих толқынында

Ұлы Жеңіс күні – мәңгілік ел жадында

Ұлы Жеңіс күні – мәңгілік ел жадында! Өлкетанушы Вера Яворская сұм соғыс жылдарын зерттеуден жалыққан емес. Зейнеткердің үйінде ҰОС қатысқан ағайын-туыстарынан бөлек, қан майданда көзге түскен жауынгерлер туралы деректер жетерлік.

Сұм соғыс бірде-бір отбасыны айналып өтпеді. Еңбек ардагері, өлкетанушы Вера Яворскаяның отбасынан қан майданға 4 адам аттаныпты. 3-уі аман-есен оралып, бір ағайыны іс-түссіз жоғалып кеткен екен. Кейін, 49 жылы оның Мәскеу түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқандығы мәлім болады. Ұлы Отан соғысы басталғанда Вера Яворская небәрі 5 жаста болған. Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан кейуана мұңды жылдардың әрбір сәтін еш ұмытпапты.

Вера Яворская – өлкетанушы, еңбек ардагері:

– Жаздың шуақты күндерінің бірі еді. Әкем екеуіміз Петропавлдың орталығында қыдырып жүргенде хабарландыру естідік. Онда «Қымбатты жерлестер, Фашистік Германия Кеңес Одағына жарияламастан соғыс ашты!» деген Молотовтың дауысы шықты. Халық бірден шулай бастады.

Соғыстың алғашқы күндері өңірден мың шақты адам шайқасқа қатысуға өтініш білдіріпті. Осылайша, теріскейден жалпы 100 мың сарбаз елі мен жерін қорғауға аттанады. Соғыс аяқталысымен олардың жартысынан астамы ғана аман-есен оралған.

Вера Яворская – өлкетанушы, еңбек ардагері:

– 45 мың адам сол жерде қаза болды. “Боздақтар” кітабында оның тек 35 мыңының ғана есімі бар. Ал қалғандары жайлы бірде-бір мәлімет жоқ. Олар із-түссіз жоғалып кеткен.

Сұм соғыс жылдары, әсіресе, әйелдер қауымы үшін аса ауыр болғаны айтпаса да түсінікті. Нәзікжандылар алдында үлкен жауапкершілік болды. Олар Отан қорғауға кеткен жауынгерлерді азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етті. Ауыр техниканың тілін тауып, рөлге отырды.

Вера Яворская – өлкетанушы, еңбек ардагері:

– 41-ші жылдың соңына қарай 4 жарым мыңнан астам нәзікжанды комбайн, трактор сынды техниканың тізгінін ұстады. Мыңдаған қыз-келіншек әдемі көйлек дегенді мүлдем ұмытты. Ал балалар болса ерте есейіп, жастайынан жұмыс істеп, аналарына қолғанат болды.

45 жылдың 9 мамырында “Біз жеңдік!” деген қуанышты хабар Вера Яворскаяның жүрегінде мәңгі сақталған.

 

 

Актолкын Солтанханкызы