ТЖ

Өңірде өткен аптада 17 өрт оқиғасы тіркелді

Солтүстік Қазақстан облысында өрттен 54 жастағы әйел адам қаза тапты. Оқиға мамырдың 2-сі күні түнде Ғ.Мүсірепов ауданында болған. Өрт сөндірушілердің айтуынша тілсіз жау немқұрайлылық салдарынан туындаған көрінеді.

Мереке күндері өрт сөндірушілер үшін оңайға түскен жоқ. Себебі, мамырдың 2-сінде өңірде 2 бірдей ірі өрт оқиғасы тіркелді. Бірінші жағдай Ғ.Мүсірепов ауданындағы Червонное ауылында орын алды.
Қызыл жалын жер үйден шыққан. От 80 шаршы метр аумақты шарпыпты. Тілсіз жауды ауыздықтау барысында өрт сөндірушілер ас үйден 54 жастағы әйел адамның денесін табады. Алдын ала болжам бойынша өрт отты абайсыз пайдалану салдарынан болған. Жалпы, мамандардың айтуынша осындай оқиғаларға көп жағдайда адамдардың немқұрайлылығы себеп болып жатады.

Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Жыл басынан өңірде 198 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 16 адам көз жұмды. 7 адам жарақат алды. Өткен аптаның өзінде 17 өрт оқиғасы орын алды.

Тағы бір өрт оқиғасы Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылында тіркелді. Онда жұмыртқа салуға арналған картон қорап шығаратын цех отқа оранды. Құтқарушыларға хабар кеш келіп түскен көрінеді. Салдарынан қызыл жалын мыңнан астам шаршы метр аумаққа тарап үлгеріпті. 10 мыңнан астам дайын дүние жанып кеткен. Абырой болғанда адамдар арасында зардап шеккендер жоқ.

Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өрттің себебі – абайсыз қолдану. Хабарлама уақыты – 18:25, отты ауыздықтау уақыты – 20:44. Өрт сөндіруге жеке құрамның 58 адамы және 9 бірлік техника жұмылдырылды.

Соңғы уақытта өңірде дала өрттері де жиілеп кеткені мәлім. Мәселен, биыл облыс бойынша құрғақ шөптің жануына байланысты 400-ден астам факті тіркеліпті. Қызыл жалын 560 гектар жерді шарпыған. Сонымен қатар, аймақта 12 орман өрті орын алды. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 60 пайызға көп.

 

Ешкенова Дана