МТРА жаңалықтары

Арнайы шақырылым сарбаздары марапатталды

Петропавлда арнайы шақырылым сарбаздары марапатталды. 40-қа жуық ер азамат облыс орталығында 20 күн бойы жіті тазарту жұмыстарын жүргізді. Дезинфекциялау шаралары 3 мыңнан астам нысанды қамтыған.

 Наурызбай Қасымов әскерден 2 жыл бұрын келген. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу әрбір жастың парызы дейді. Бұны сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Ел басына күн туған шақта үйде қол қусырып отырмай коронавируспен күресте өз үлесін қосуға ниет білдірген.

Наурызбай Қасымов – СҚО аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметкері:

– Мен 2017 жылы Отар әскери кентіне қызмет етуге аттанған болатынмын. Сол кезде ант қабылдадым. Еліме қиын кезде адал қызмет атқарамын деп өз еркіммен арнайы жиындарға келдім.

Максим Кунгель – тіс дәрігері. Әскерде 8 жыл бұрын болған. Мемлекет басшысының арнайы жиындар өткізу туралы жарлығын ести сала ол да бірден сарбаздардың қатарына қосылған.

Максим Кунгель – СҚО аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметкері:

– Бізге жүктелген міндет – қала ішін зарарсыздандыру. Күніне 200-ге жуық үйді дезинфекцияладық. Індетті жоюға аз да болсын септігімізді тигіздік деп ойлаймын.

Президенттің әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақырту туралы жарлығы жарияланғаннан кейін өңірде 39 сарбаз сапқа тұрды. Олар қалада 20 күн бойы жіті тазарту жұмыстарын жүргізді.

Дәулет Толыбай – СҚО әкімінің әскери және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі:

– Әскери міндеттілер аялдамалар мен подъездерді, балалар алаңқайларын зарарсыздандырды. Дезинфекциялау шаралары 3 мыңнан астам нысанды қамтыды. Бүгін жүктелген міндетті абыроймен атқарғандары үшін облыс әкімнің алғыс хатымен марапатталып жатыр. Бұдан бөлек 39 сарбаздың барлығына да ақшалай сыйақы берілді.

 

 

Ешкенова Дана