Халық тарих толқынында

Ардагерлер құттықтаулар қабылдауда

Олар бізге ашық аспан сыйлады. Тек  майдангерлер қатарының жыл санап сиреп бара жатқаны өкінішті. Солтүстік Қазақстан облысында небәрі 53 Ұлы Отан соғысы ардагерінің көзі тірі. Жеңістің 75 жылдығын биыл олар қазіргі жағдайға байланысты  жылдағыдай – көпшілікпен бірге атап өте алмайды. Десе де, қариялар әсте ұмыт қалған жоқ. Қарттар мейрам қарсаңында құттықтаулар мен сыйлықтар қабылдауда.

Ардагерлер азайып бара жатыр. Өкінішті әрине, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына көбі жете алмады. Ал жеткендері құрметке бөленуде. Майдангер Николай Дёминді “Есіл су” құттықтай келді. Соғыстан аман оралған ол осы кәсіпорында талай жыл талмай еңбектенген.

Пакетте – шамалы азық-түлік, ал ақ конвертте – қаржылай көмек. Мұндай алғыс, әрине, теңіздегі тамшымен тең дейді есілсулықтар. Тек ардагерлер үшін бастысы – базарлық емес, ілтипат пен ықылас.

41-де қырғи қабақ соғыс басталғанда Николай Демин бұғанасы қатпаған 16-дағы петропавлдық бозбала еді. Фронтқа ол кезде 17 жастан қабылдайтын. Тек Отан қорғауға деген ұмтылыс бұл шектеуден күштірек болса керек.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– 17-ге толмайынша алмаймыз деді, ал мен соғысқа барғым келеді деп тұрып алдым. Ол кезде комсомол болдық. Отан қорғау үшін фронтқа асықтық.

Ол майдан шебіне ерікті ретінде аттанды. Ардагермен 1 сағаттай әңгімелестік. Иә, майдан туралы естеліктерге толы бір сағат. 90-ды алқымдаса да бәрі Николай Ивановичтің есінде: Алматы түбінде қолына алғаш қару алғаны, Беларусьті азат етуге қалай аттанғаны, барлаушы, кейін танкист болғаны, фашистпен тұңғыш бетпе-бет жүздескені.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Смотрю, передо мной поднимается здоровенный, полный немец. Я к нему подскочил, а он “Гитлер капут, Гитлер Капут!

Қанды ұрыстар – ең мұңды естелік дейді қария. Оның сұхбатын тәржімалауға батпадық. Майданды көзбен көрген адамның эмоциясын ешбір дубляж жеткізе алмайды. Латвия даласындағы ұрыстардың бірінде ардагер алғашқы жарақатын алады. Көп атыстың бірінде дәл жанына снаряд түсіп, ұшқыны иығына қадалған. Үстінде – қанға боялған гимнастерка, ал жанында – қаза тапқан жолдастар.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Солға қарасам, снаряд сынығы қасымдағы лейтенанттың бассүйегіне қадалып, тас-талқанын шығарыпты. Мен есеңгіреп тұрып қалдым. Қанша қызметтес достарымнан айырылдым, тіпті, еске алғанда жаның қиналады. Ұрыс даласына қарасаң, жараланған, қаза тапқан жүздеген дене жатады.

Соғыс осынысымен қорқынышты. 4 жыл ішінде миллиондаған жазықсыз жауынгер жан тапсырды. Ал 45-тің көктемінде – көптен күткен жеңіс. Оны танкист Николай Иванович Балтық теңізінің жағасында қарсы алған.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– “Все кричат “Ура!”, лупят с автоматов, кто-то в танк соскочил и с пулемета стреляет. Радость такая была, как же мы ждали этот день! Этот день мы приближали как могли.

Сол бақытты сәтке биыл тура – 75 жыл. Тек мерейтойды ардагер ата биыл үйінде қарсы алуға мәжбүр. Себеп, айтпаса да белгілі. Соғыс альбомы, сансыз фотосуреттер, тіпті, өзі тізгіндеген танкінің макеті – шағын ғана пәтерінің бір бұрышын Николай Иванович ел басына күн туған бұл кезеңге арнаған. Ең қызығы, майдан жылдарындағы суреттердің жанында қарияның кімдер үшін ұрысқа түскенін еске салып үрім-бұтағы – немере-шөберелерінің де фотолары ілініп тұр.

Саят Ермек